#qyzylordatv
Аралда құрылыс қарқынды. Бүгінде аудан орталығында 60 пәтерлі 30 тұрғын үй салынып жатыр. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев бірқатар құрылыс нысандарын аралап, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандардың жауапты өкілдерімен кездесті.
Алдымен аудан әкімі мұқтаж отбасыларға арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде 30 үйдің төртеуінің төбесі жабылып, құрылысшылар ішкі жұмыстарына кіріскен. Жыл соңына дейін бұл үйлердің барлығы ел игілігіне берілуі тиіс. Сондықтан аудан әкімі жұмысты ширата түсуді талап етті. Қыс түспей тұрып сылақ, әрлеу сынды жұмыстарды үлгерту маңызды.
Мұнан соң аудан әкімі теміржол вокзалына аялдап, құрылыс нысанының басында жауапты тұлғалармен кездесті. Әбден тозығы жеткен вокзалі ғимараты апатты деп танылған. Сондықтан жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылды. Енді бұл жерде жаңа вокзал бой көтермек. Қазіргі таңда іргетасын құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда аудандағы жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимараты ескіруіне байланысты жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінде сыртқы абаттандыру, қабырғаларын қалау, төменгі қабат бөлігінің терезелерін салу сынды шаруалар қолға алынған.
Аманжол Оңғарбаев Арал аудандық көпбейінді аурухананың жанынан салынған қосымша ғимаратты да аралап көрді. «Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында қолға алынға қосымша нысанда 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелері болады.
Құрылыс алаңында жұмыстың оңтайлы ұйыдастырылуын, құрылыс материалдарының үздіксіз жеткізілуін бақылаған аудан басшысы ең бірінші сапаға және құрылысты тапсыру мерзіміне жіті мән беруді тапсырды.