#qyzylordatv
Палеонтолог ғалымдар үшін құнды ақпар. Жосалы кентінен 80 шақырым шалғайда орналасқан «Шах-шах» шатқалы маңынан адамзат дәуіріне дейін тіршілік еткен алып мақұлықтың сүйегі табылды. Жергілікті мамандар мұны мезозой эрасының Бор кезеңінде өмір сүрген динозаврдың бір түрі деп топшылап отыр. Шалғайдағы шатқалға жүргізілген барлау экспедициясына әріптесім Елжас Әбділда да барып қайтқан еді. Бұл сапардың қызығы мен шыжығын жақсылап жеткізген екен. Эксклюзив материалды бірге көрейік.
Аралозавр! Осыдан шамамен 89 млн жыл бұрын Сыр бойында өмір сүрген тіршілік иесі. Жұмбақ әлемге жетелейтін құнды ақпарға құнығып Қармақшы ауданына жолға шықтық. Барлау экспедициясына облыстық тарихи-өлкетану музейі мұрындық болды. Жолай аталмыш құрылымның аудандық филиалының мамандары да қатарымызға қосылды. Әзіргі мақсатымыз, шалғайдағы «Шах-шах» шатқалына кеш түспей жетіп алу.
Жол азабын жүрген білер. Шыны керек, шалғайдағы шатқалға жету оңай болмады. Мұнда көптен ешкім ат ізін салмағаны көрініп-ақ тұр. Межелі жерге қас қарая маңайлап, айналаны бір шолып үлгердік. Ұшқан құс, жүгірген аң кезікпеді. Төңірек құлаққа ұрғандай тып-тыныш. Дегенмен, дәуірлердің дүбірі шатқалдың қойнауында жасырынып жатыр. Зерттеуіміз таң әлетінде басталмақ. Сондықтан, күн ұясына бата бере ай жарығымен буын бұрқыратып қазанға ет астық. Ал, алау маңында ғылыми дәйектемелер талқыланып, ертеңгі жоспардың ережесін бекітуді де ұмытпадық.
Шатқал баурайында жел ызғып тұр. Көлікке түнеп, амалдап таң атырдық. Жалпы, бұл маңға осыдан 66 жыл бұрын арнайы экспедиция зерттеу жүргізіпті. Сол тұста табылған жәдігерлер ғылыми ортаны дүр сілкіндірді. Бірақ одан кейін ерте кезеңнің естелігі ешкімге керек болмай қалған.
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ /Шах-Шах шатқалына 1959 жылы палеонтолог ғалым Анатолий Рождественский зерттеу жүргізген. Сараптама нәтижесінде мұнда табылған бас сүйек бөлігі шамамен осыдан 89 млн жыл бұрынғы тіршілік иесіне тән екені анықталыпты. Бертінде мұнда арнайы белгі де қойылған. Бірақ қараусыз күйге түскені қынжылтады. Қазір арнайы тақтайшасы жермен-жексен болудың алдында тұр/
Академик Анатолий Рождественский тапқан динозаврдың бас сүйегі қазір «Қазақ ғылым академиясының» музейінде сақтаулы тұр. Сыр ғалымдары сол ізді жаңғырту мақсатында осы экспедицияны қолға алған. Ә, дегеннен кәрі шатқалдың етегінен бірнеше сүйек қалдықтары ұшырасты. Олардың көбі тасқа айналған кейіпте. Сондықтан қандай тіршілік иесіне тән екенін тап басып айту қиын. Дегенмен, табылған жәдігерлер төрт түліктің тұрқынан едәуір үлкен екені байқалады.
ӘЗІРБЕК ІЛИЯСБЕКҰЛЫ – АУДАНДЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ / Бірнеше сүйек табылды. Кәдімгі омыртқа бөліктері табылып жатыр. Көп жылдық екені көрініп тұр, табиғи құбылыстарға байланысты тасқа айналып кеткен. Сосын бұлардың пішіні қазіргі уақыттағы жан-жануарлардың сүйегіне қарағанда әлдеқайда үлкен/
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ Бір қарағанда бұл дала мүлгіп жатыр. Жым-жырт. Бірақ қойнауына ескі дәуірлердің естелігін басып алған. Тылсымы тым әріде. Тіпті мезозой дәуірінің тіршілік иесі мекендегінін ғалымдардың бірқатары растап отыр. Бір сөзбен, топырағын түртсең тарих сөйлейді. Тек соны сөйлете білуіміз қажет/
Әрине, дәуірлер дидарын дүрбімен көру мүмкін емес. Десе де, шоқшиған шоқылар талай тарихтың тамыршысы екенін аңғартып тұр. Кәдімгі «Шарын» шатқалы секілді қызыл-қоңырқай түспен көмкерілген. Айналаны және бір жортып боркемік үйіндіні кезіктірдік. Топырағы жұп-жұмсақ екен. Демек мұнда бертінде қазба жұмыстары жүргізілгені анық. Ал, отандық палеонтологтар мүлде аяқ баспағаны белгілі. Сонда сырлы аймаққа сырттан сұғынған кім?
АСХАТ САЙЛАУ – ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ХАТШЫСЫ / Жалпы біз кейіннен анықтадық, Еуропа ғалымдары осы жерге келіп бірнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 2 мыңыншы жылдары скопус журналдарына бірнеше мақала жариялағанын біз қазіргі уақытта анықтап отырмыз. Палеонтология облыста ғана емес, республикада кенже қалған сала болғандықтан бұл шах-шах шатқалы әлі де зерттелу керек. Бұл жерді біз енді «Динозаврлар қорымы» деген атпен тарихи нысан ретінде тіркеуге алып, әлемдік деңгейдегі ұсынуымыз керек/
Кезінде осы маңнан бүтін табылған бас сүйекке ғалымдар «Аралозавр» деген атау берді. Бағамдасақ, бұлайша аталуы тегін емес. Себебі, уағында шалқыған теңіздің аумағы осы Қармақшы жотасына дейін жеткен. Осылайша барлау экспедициясы барысында бірнеше құнды жәдігер олжалап, ұлы теңіздің көне ұлтанын көзбен көріп қайттық. Енді табылған сүйектер палеонтолог ғалымдардың зерттеуіне ұсынылмақ.