#qyzylordatv

 Қармақшы ауданында халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Қорқыт ата мемориалды кешенінің амфитеатрында болған рухани шара барысында түркі халықтарының фольклорлық музыкасы дәріптелді.

 АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

Түркітілдес ел ғалымдары мен айтулы өнер иелерін Сыр елінде тоғыстырған бұл фестивальде түркі халықтарының музыкасы салтанат құрды. Бұл думанды шарада күмбірлеген күй шалқып, әуезді ән айтылып, жиылған көрермен де, өнерпаздар да үлкен рухани қуат алғандай.

 Түркі халықтарының мәдениетін жарқырай көрсеткен фестивальдің бұл өлкеде өтуі тегін емес. Қорқыт ата түркі жұртына ортақ тұлға. Қорқыт мұрасы – бір ұлттың ғана емес, тұтастай түркі әлемінен хабар беретін рухани құндылық. Сондықтан Сыр елінде өтіп жатқан игі шараның құндылығы жоғары, мағынасы терең. Фестивальге Түркия, Тыва, Алтай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз келді.

 АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, «ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ МҰРАСЫ» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Сыр елі Жыр елі дейді. Қызылорда ең талантты музыканттар, ең талантты суретшілер, мүсіншілер, мәдени адамдар, ғалымдар, жазушылар осы Сыр елінде Қазақстанға, дүниежүзінде керемет талантты адамдарды алып келді. Біздің тұрған жеріміз біздің халықаралық дәрежедегі ең маңдайалды ғалымдар келіп отыр. Осы өмір бойы жырды, фольклорды зерттеп жүрген үлкен ғалымдар келіп отыр. Осы сырт елден келген кісілерге Қорқыт бабамыздың осындай керемет кесенесін көрсету үшін Қорқыт бабамызға Сыр еліне сіздерге тағзым етуге келдік. Сіздерге көп көп рақмет. Осылай керемет қарсы алып тұрғандарыңызға.

 Биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған фестиваль жай ғана өнер мерекесі емес. Ол түркі тілдес халықтардың арасындағы бауырластық пен достықтың нығаюына үлес қосатын ауқымды шара. Ал, қырғыз елінен алғаш рет келген өнерпаздар музыкалық аспаптарымен өнер көрсеткенде, жыгач оз комыз, чоор аспаптарының біздегі бұйымдарға қатты ұқсайтынын байқадық.

 АЗАТ БАЗАРБЕКОВ, «АКАҚ» АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ

Біз Қырғызстаннан келдік. Біз бұл шарада Манас жырын, қырғыз күйлері мен қырғыз шығармаларын ел назарына ұсынамыз. Қызылордаға бірінші рет келіп отырмыз. Ауа-райы жақсы, өзгеше қала екен. Мен бұл ансамбльде үрмелі аспаптарда ойнаймын. Сыр еліне жетекшімізбен бірге 6 адам болып келдік. Бұл аспап қырғыз елінде жыгач оз комыз деп аталады. Сіздерге осы аспапта ойнап берейін.

(аспапта ойнап береді)

Ал бұл аспаптың аты – чоор. Ал сіздерде қурай деп аталады.

(аспапта ойнап береді)

 Музыка – түсіндірусіз-ақ адамға ерекше әсер ететін құндылық. Фестиваль барысында сырға толы тарихымыз, бабаларымыздың өнегелі жолы мен татулықты бәрінен жоғары қойған ерекше мінезін де ұғынғандай болдық. Бүгінгі азат күн ақпейілді халықтың дархан пейіліне бұйырғандай күй кештік. Өнер мерекесінде бауырлас елдердің халқы бір-бірімен тілмашсыз-ақ тілдесіп, өзара түсінісіп кетті.

 Биыл жетінші мәрте ұйымдастырылған фестиваль Қызылорданың астана болғанына 100 толуына орай өткізілді. Осылайша ұлы даланың берекелі өмірін көрсеткен дәстүрлі шара тағы бір рет түркітілдес елдердің жұртын өнер арқылы біріктірді.