#qyzylordatv

Енді жаңадан салынған құрылыс нысанының кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Яғни, мердігер компания қазіргідей 2 әрі кетсе, 3 жылдық кепілдікпен құтылмайды. 10 жыл бойы салған нысанның құрылысына жауапты болмақ. Мәжілістің жалпы отырысында Жаңа Құрылыс кодексі мақұлданды.

 2 сағат 2 минут. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа құжаттың жаңашылдығын түсіндіру үшін Мәжілістің мінберінде осынша уақыт тұрды. Жаңа құрылыс кодексін әзірлеуге 363 млн теңге бөлінген. Басты талаптардың бірі енді құрлысы компанияларына лицензия беру тәртібі қатаңдайды.

 ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ // Қазірде салада шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Алайда, талдау нәтижесінде көптеген компаниялар мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды.Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады.

 Ол берілген барлық рұқсаттарды қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сәйкес келмейтін компаниялар тізімге енбейді. Адами фактор азаяды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Кодекстегі тағы бір маңызды мәселе, жекеменшік компаниялардың құзіреті шектеледі.

 МҰРАТ ӘБЕНОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ Әр жеке компания өздері экспертиза жасайды, өздері жоспарлау жасайды. Сондай талан-тараж шығарған. Барлық экспертизаның 86 пайызы жекенің қолына кетіп қалған. Біз мемлекеттік бақылауды қайтадан орнына келтірдік, енді 40 пайызға дейін әсіресе 5 этаждан жоғары мектептер, ауруханаларды мемлекеттік экспетизадан шығарамыз. Өйтпесек болмайды. Гарантия мәселесін 10 жылға дейін көтеріп жатырмыз. Адамдар пәтер алады 2 жылдан кейін бұзылып жатыр, мектептер бұзылып жатыр. Біз талап қойдық 10жыл болуы керек.

 Сондай-ақ, мемлекет те құрылыс сапасына жауапты болады. Сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарға құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Құрылыс саласы толықтай цифрландырылады. Нысанды салудан бастап, сүруге дейінгі процестер ақпараттық жүйе арқылы іске асады.