#qyzylordatv
Биыл аймақ өнерпаздары халықаралық, республикалық байқауларда 150-ге жуық жүлде жеңіп алды. Бұл мәдениет майталмандарына көрсетілген жүйелі қолдаудың жемісі. Саладағы серпінді бастамалар турасында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов тарихи-өлкетану музейінде өткен брифинг барысында баяндады.
Соңғы 3 жылда аймақта мәдениет ошақтарының қатары айтарлықтай көбейді. Әсіресе, шалғай елді мекендердегі клубтардың көбі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал, тозығы жеткен нысандар толықтай жаңалануда. Мәселен, бүгінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 ауылдық клубтың құрылысы басталды. Аталмыш нысандар жуық арада ел игілігіне беріледі. Жалпы аймақта 413 мәдениет, өнер және архив мекемесі жұмыс істейді. Олардың материалдық базасын жаңғыртумен қатар, мамандардың әлеуметтік жағдайына жіті назар аударылып келеді. Айта кетейік, өңір өнерпаздары жыл басынан бері түрлі деңгейдегі байқауларда 150-ге жуық жүлде иеленген, соның 72-і бас бәйге. Саладағы байырқалы бастамалар келер жылы да жалғасын таппақ.