#qyzylordatv
Бүгін Қызылордада Республика Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен асыраушы сала мен су мәселесін қоса қамтыған кеңес өтті. Жиынға министрлер кабинетінің өкілдері де қатысты. Басқосуда біздің аймақ үшін қандай маңызды мәселелер айтылды және олар шешімін тапты ма? Тілші толықтырсын
Қызылорда аграрлы аймақ екені түсінікті, суға тәуелді екені де түсінікті. Ырысты-күрішті деп дәріптелетін Сыр диқандары күріш екпей отыра алмайтыны да түсінікті. Сол күріштің көлемін қысқарту керек дейді үкіметтегілер. Себеп сол айта беретін судың жетіспеушілігі. Халыққа шындықты айту керек, суға қатысты болжам мәз емес дейді Қанат Бозымбаев.
Судың жайы мәз емес. Трансшекаралық аймақтарда да жағдай күрделі. Облыстағы қазіргі 86 мың гектар күріш алқабын 70 мың гектарға түсіру керек дейді үкімет басындағылар. Тек солай ғана тығырықтан шыға аламыз деп отыр. Ал, жерлестер тарапынан бірден 70 мың гектарға емес, бәлкім кезең-кезеңмен азайту керек шығар деген сыңайдағы ұсыныстар да айтылды.
Әрине, су үнемдеу технологиялары облыста енгізілді. Жұмыс жасап жатыр. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару, лазермен тегістеу. Оның аясын одан әрі кеңейту күн тәртібінде тұрған мәселе. Диқан қауымға су жүйесін цифрландырудағы биллингтік жүйе де түсіндірілді. Алдағы жылдың 1 ақпанына дейін біздің облыс өзіне керек су лимиті туралы нақты ақпарат беруі керек. Әрине, күріштік көлемін қайта есептей отырып.Жиында сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Қызылорда облысының бірнеше бағыттағы жобасы өзге өңірлерге үлгі етілді
Тоқетері, енді күріш егіп отырған шаруашылықтар шығынсыз шығу үшін егіс көлемін қайта қарап, лазермен тегістеу ісін кеңейтіп, судың лимитін есептеп, алдағы көктемгі дала жұмысына өз жоспарларын пысықтаулары шарт. «Судың да сұрауы бар» деген мақалдың шын бейнесін енді көргелі тұрмыз ау шамасы. Жиын туралы толығырақ апта қорытындысы – Үштағанда көре аласыздар.