#qyzylordatv

Қызылорда медициналық жоғары колледжінде стоматология апталығы өтіп жатыр. Дәстүрлі іс-шара аясында студенттер «Сиам егіздері» әдісі бойынша ауыз қуысының үлгісін жасап, өз шеберліктерін көрсетті.

Болашақ стоматологтар сайысына 8 команда қатысты. 3 кезеңнен тұратын додада студенттердің логикалық ойлауы, командалық жұмыс пен кәсіби дағдысы сарапқа салынды. Алғашқы кезеңде қатысушылар топтың атауы мен ұранын таныстырса, келесі кезеңде стоматология саласына қатысты тапсырмаларды орындап, шешуші кезеңде «Сиам егіздері» әдісімен ауыз қуысының үлгісін дайындады. Бұл жерде дәлдік, жылдамдық және сапа бағаланды.

Сайыс барысында студенттер стерильді қолғап кию, қоспа дайындау, үлгіні шығару және сапалық бағалау сияқты кезеңдерден өтті. Апталық аясындағы бұл жарыс болашақ дантистердің кәсібилігін шыңдауға бағытталған. Ал үздік командалар апталықтың соңғы күні марапатталады.