#qyzylordatv
Сырдария өзенінің жағалауы мен ескі базар қоршауының қас бетіне қою бояумен салынған суреттер көздің жауын алады. Қызылордалық кәсіпкер-меценаттардың бастамасын қолдап, қала келбетіне ерекше көрік беріп жүрген суретші кім? Ұлттық нақышта салынған туындылар қандай сыр шертеді? Тілшіміз айтсын.
Халық аузында ескі базар аталып кеткен бұл аумақта таңнан кешке дейін адам аяғы үзілмейді. Осыған орай кәсіпкерлер аталған орынның кескін-келбетін келістіру мақсатында алматылық мурал шеберлері Мұхит Дулу мен Серафим Ивашининді арнайы шақыртыпты.
Ерекшелігі сол, базар қоршауының қас бетіне салынған батырлардың бейнесі стимпанк символикасымен безендірілген. Екі түстің кереғарлығы суретшінің қолтаңбасын анық көрсетеді. Жалпы әр картинасында қазақы дәстүр мен заманауи сурет өнерін ұштастыруға тырысатынын айтады.
Осылайша стрит-арт қала тұрғындарының ішкі мәдениеті мен рухани деңгейін көтеруге сеп болуда. Кейіпкеріміздің айтуынша, бір жұмысты қабырғаға түсіру суреттің күрделілігіне, қасбеттің көлеміне және ауа райына байланысты. Алдағы уақытта бұл жұмыстар қаланың басқа да аумақтарында жүргізілмек.