#qyzylordatv

Сыр журналистикасы үшін орны толмас қаза. Белгілі журналист, ақпарат саласының үздігі Жолдасбек Ақсақалов 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Жолдасбек Әленұы 1956 жылы 27 қазанда Сырдария ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келген. Сыр перзенті Сергей Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің «журналистика» факультетінің түлегі. Еңбек жолын 1983 жылы облыстық «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінде корректорлық жұмыстан бастаған. Мұнан соң қабілетін шыңдап, тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім басшысы секілді қызметтік сатылардан өтті. Ал, 2006-2012 жылдар аралығында бас редактор кеңесшісі, бас редактордың орынбасары, сонан соң бас редактор қызметін атқарған.

Дарынды журналистің қолтаңбасы бірден байқалып тұратын. Әсіресе, экономика саласындағы сапырылысқан сандарды түсінікті тәпсірлеп, оқырманның оң бағасын алды. Бұл тақырыпта майдан қыл суырғандай кәсіби тұрғыда жаза білген өңірдегі санаулы тілшінің бірі еді. Қым-қуыт тілшілік тіршілікте жүргеніне қарамастан әлемдік геосаясат, тарих, тәуелсіздік тынысы турасында бірнеше сараптамалық жинақты жарыққа шығарды.

Мамандығына адал азамат 40 жылға жуық уақыт бойы облыстың ата басылымы «Сыр бойы» газетінде табан аудармай еңбек еткен. Қажырлы қызметі еленіп, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» медальдарын иеленіп, облыстың құрмет грамотасымен марапатталған.

Жолдасбек Әленұы кәсіби білігі мен адамгершілік қалыптан айнымай, әркез ізінен ерген жас журналистерге жол көрсете білді. Қарапайымдылықты қасиет төресі санаған асыл азаматтың парасатты болмысы әріптестері мен оқырмандарының жадында мәңгі сақталмақ!