#qyzylordatv

Биыл Жалағаш ауданындағы елді мекендердің кіреберіс жолы мен ішкі көшелерін күрделі жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауыл тұрғындарымен кездесуінде айтты. Екінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар баяндалған есепті кездесу Жаңадария ауылдық округінен басталып, Аламесек, Еңбек және Аққұм елді мекендерінде жалғасты.

Аудан әкімі халықпен кездесуде атқарылған жұмыстарға тоқталып, келер жылға жоспарланған жобалар жөнінде баяндады. Биыл ауылдағы №203 орта мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7,2 млн теңгеге 32 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектеп және Достық көшелеріне асфальт төселсе, Сәтбаев пен Жаңадария көшесін қаржыландыру мүмкіндігі қаралуда. Сонымен бірге, Абай көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылды. Аудан әкімі абаттандыру және ойын алаңын салу жұмыстары келер жылы да жалғасатынын жеткізді.

Тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдаған Ардақ Әбдіғаппарұлы «мектеп директоры, дәрігер мен тәртіп сақшысы да сол ауылда елмен бірге тұруы тиіс»,- деді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Есет батыр ауылында 4,7 млн теңгеге елді мекенді абаттандыру, көркейту-көгалдандыру және қоқыс полигонын қоршау жұмыстары жүргізілді. Көптен бері халықтан түскен ұсыныстың бірі - өрт сөндіру бекетін салу болатын. Демеушілер есебінен бұл мәселе шешіліп, өрт сөндіру бекеті қажетті техника және жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Есет батыр ауылында тұрғын үй секторына қажетті инфрақұрылым жүргізілсе, жалпы құны 545,8 млн теңгеге 5 ішкі көше күрделі жөндеуден өткен. Аудан әкімі бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесіне мән беру керектігін айтты, әрі сапалы салынған инженерлік жүйелер мен жолды қайта бұзу деректерін болдырмау қажет деді.

Есепті кездесу Еңбек ауылында жалғасты. Мұнда серіктестік демеушілігімен ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында жалпы құны 68 млн теңгеге жұмыс атқарылған. Ал Аққұм ауылында 457 млн теңгеге 10 көше күрделі жөндеуден өтсе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында түнгі жарық шамдары заманауи светодиодты шамдарға ауыстырылып, бейнебақылау камералары қалпына келтірілген.

Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі - күре жолдың бойында төрт түлікті қағу оқиғаларының жиілеуі. Ұсынысты аудандық мәслихат депутаты тиісті мекемелерге жолдап, автодәліздің Аққұм ауылы тұсындағы 1,6 шақырымы жарықтандырылған.

Мектеп түлектерінің бастамасымен ауылда балалар ойын алаңы салынса, ауыл тұрғыны Айбек Жақсылықұлының демеушілігімен 38,0 млн теңгеге тағы бір балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілген. Елдік істе бірлесе еңбек еткен ауыл тұрғындары аяқсу жеткізу, жайылымдық жерлерді суландыру секілді мәселелерді көтеріп, жауап алды. Аудан әкімінің есепті кездесуі өзге ауылдарда жалғаспақ.