#qyzylordatv

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту тек қана әлеуметтік жеңілдектер мен төлемдер бөлумен шектелмейді. Олардың өмір сүру деңгейіне әсер ететін басты мәселе – қоғамда қолайлы ортаны қалыптастыру. Осы орайда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі жанынан құрылған сараптамалық кеңес әлеуметтік маңызы бар мекемелерге тексеру жұмыстарын жүргізуде. Тақырыпты әріптесім Елдос Асан тарқатады.

Қаладағы №8 учаскелік полиция пунктінде кемшіліктер көзге көрініп-ақ тұр. Ғимаратқа кіре берісте мүгедектігі бар азаматтарға арналған пандусқа мініп-түсу қиын. Жолында кедергі тұр және қауіпсіздік ескерілмеген. Бұл ғимараттың сыртқы көрінісі. Ал, іште тұрғындарды қабылдайтын орындардың арасы тым жақын орналасқан. Бұл шағымын айтып келген жандарға қолайсыздық туғызатыны анық. Және бір мәселе, аудиожазбасы бар бейнебақылау камералары орнатылмаған. №9 учаскелік полиция пунктінде де дәл осындай кемшіліктер анықталды.

Сараптамалық кеңес мүшелері жыл басынан бері 50 мекемеге мониторингтік бақылау жүргізген. Оның ішінде денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру, білім басқармасына қарасты мекемелер бар. Сондай-ақ, қылмыстық-атқару жүйесі және полиция департаментіне қарасты ғимараттар тексеріліп, арнайы ұсынымдар берілген. Нәтижесінде, кемшіліктерге жол берген 80-нен аса тұлғаға тәртіптік және әкімшілік шара көрілген.

 Жалпы жыл басынан бері мемлекеттік мекемелерде барлығы 230 кемшілік анықталса, оның 74 пайыз қайта қалыпқа келтірілген. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғаспақ. Ал сараптамалық кеңес құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, құқық қорғаушылар мен тәуелсіз сарапшылар кіреді.