#qyzylordatv
Бүгін облыс аумағының басым бөлігіне тұман түсіп, көктайғақ байқалуда. Соның салдарынан таңғы сағат 8:00 шамасында «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» тас жолының 1820-шы шақырымында Алматы қаласынан келе жатқан жолаушылар автобусы мен «Лексус» маркалы жеңіл автокөлік соқтығысқан.
Мамандардың айтуынша, автобус ішінде 30-ға жуық адам болған. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жедел жетіп, 17 жолаушыны қаланың сол жағалауында орналасқан жаңа автовокзал ғимаратына эвакуациялады. Қызылордалық 13 азамат үйлеріне қайтарылған.
БЕЙБІТХАН СПАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ //Қазіргі уақытта автомобиль жолдары басқармасымен кезекшілік одан әрі ұдайы жалғасын табуда. Бүгін және ертең тұман мен көктайғақ ауа райы сақталып отыр. Осыған байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар, ұзақ жолға шықпауларыңызды сұраймыз. Қазір Қармақшы ауданынан Жаңақорған ауданына дейінгі жолдардың қозғалысына шектеу қойылды. Естеріңізге сала кетейік, республикалық маңызы бар жолдардың Қызылорда облысы аумағынан 1023 км құрайды. Облыс аумағынан облыстық маңызы бар жолдар 555,4 км құрайды. Қазіргі таңда ТЖД қызметкерлері ұдайы кезекшілік ұйымдастырылып, штаб құрамы құрылды.//
Ал синоптиктер, алдағы күндері де аймақтың шығысы мен оңтүстігінде және орталық аумағында тұман болады деп болжап отыр, арты көктайғаққа ұласуы мүмкін.
НАРГИЗ БАҚЫТЖАН – ИНЖЕНЕР-СИНОПТИК //7-8 желтоқсан күндері облыс бойынша қар аралас жаңбыр, көктайғақ күтіледі. 9-11 желтоқсан күндері түнгі ауа температурасы 18 градус аязға дейін төмендейді. Екінші онкүндіктің ортасында ауа температурасы жоғарылағанмен, аяғында 15-20 градусқа дейін төмендейді.//