#qyzylordatv

Сыр бойы жыраулық дәстүрінің дара өкілі, жыр жампозы, сұлу мақамның сұңғыласы Сәрсенбай Бөртебайұлының туғанына биыл 125 жыл. Осыған орай облыс орталығында «Сәрсенбай сазы» атты аймақтық жыршы-жыраулар фестивалі өтті. Тағлымды шарада Сыр сүлейлерінің бүгінгі ізбасарлары өнер көрсетіп, тыңдарманға рухани азық сыйлады.

 Сәрсенбай Бөртебайұлы жүз жырауын жүзіктеген киелі Қармақшы өңірінің тумасы. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы Бозарық, қазіргі Ақжар ауылында дүниеге келген. Жастайынан жырға құмар Сәрсенбай көмбе кеуде қариялардың қасында жүріп, қисса, дастан, жыр, термелерді жаттап өскен. Атақты Базар жыраудың шәкірті. Бір Аллаға құлшылық етіп, имандылық тақырыбында жырлаған жырау бір кездері қудалауға ұшырап, қиын күндерді басынан өткізді.

 Сәрсенбай жырау алпысыншы жылдары ақталып шығып, өлмес өнердің жолына қайта жалғады. Ел аралап концерт қойып, халыққа таныла бастады. Сәрсенбай Бөртебайұлының ерекшелігі өзіне тән 14 мақамы болған.

 МАЙРА СӘРСЕНБАЕВА, ЖЫРШЫ \сол 14 мақам-сазын белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Мұстафаев ағамыз нотаға түсіріп, бұрын соңды ел арасында орындалмай жүрген шығармаларын жинақтп, үлкен кітап шығару жоспарланып жатыр. ...\

Сұлу саздың сұңғыласы атанған Сәрсенбай жыраудың «Мұңсыз хан», «Жүсіп – Ахмет», «Мақпал қыз» деген дастандары бар. Фестивальде текті сөзді төрге оздырып, жыр жалауын желбіретіп жүрген белгілі өнер иесі Демеубай Жолымбетов 280 жолдан тұратын «Мұңсыз хан» шығармасынан үзінді орындап берді.

 Кеште Сыр сүлейлерінің ізбасары Руслан Ахметов Сәрсенбай Бөртебайұлының жыр бастауын орындаса, Ақмарал Ноғайбаева, Берік Саймағанбетов, Шолпан Бимбетова, Айдос Рахметов, Майра Сәрсенбаева сынды белгілі өнер иелері жырдан маржан шашты.