#qyzylordatv
Өндіріске қажетті жұмысшы мамандар даярлау уақыт талабы. Осы орайда аймақтағы арнаулы оқу ошақтарының студенттері іргелі кәсіпорындар жұмысымен жақыннан танысып, теориялық білімді практикамен ұштастырып жатыр. Кезекті тағылым алаңы шыны зауытында ұйымдастырылып, оған Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің студенттері қатысты.
Әділхан Серік құрылыс бұйымдары мен конструкцияларды өндіру мамандығында білім алады. Бұл жаңа технологияға негізделген кәсіпорындар үшін нағыз қажет мамандық. Бітіруші түлек болашағын бүгіннен қамдап, шыны өндірісінің ұңғыл-шұңғылын жақыннан көрді.
ӘДІЛХАН СЕРІК – СТУДЕНТ / Колледжде тек теория жүзінде барлығын оқып-көріп жүргенбіз. Ал шыны зауытына келіп барлығын көріп жатырмыз. Жақсы әсер алып жатырмыз. Шыны табақшаларын ұстап көріп жатырмыз/
Көргеннің көңілге тоқыры көп. Сондықтан студенттер зауыттың бірнеше кешенін асықпай аралап, шыны табақшаларын өндіру ісін жіті бақылады. Айта кетерлігі бүгінде Сыр өңірінде 28 колледж бар. Соның он тоғызында жұмысшы мамандар даярланады. Әзірге 6 мыңға жуық студент осы бағыт бойынша білім алуда. Алдағы 4 жылда олардың қатарын 2 есеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте оқу бағдарламасына өндіріс ошақтарын енгізудің маңызы зор, дейді мамандар.
Жалпы бұл кәсіпорын шыны табақшаларын өндіретін Орталық Азиядағы ең ірі зауыттың бірі. Өндіріс ошағы толықтай автоматтық жүйеде жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне 500 тоннадан астам дайын өнім шығарылады. Ал, жылдық қуаты 197 мың тонна. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарықтың сұранысын өтесе, қалған шыны табақшалары Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және Ресейге экспортталуда. Дайын өнімді көзбен көрген студенттердің көңілі шат.
АҚБОТА ТӨРЕХАНҚЫЗЫ – СТУДЕНТ /Біз бүгін мынадай үлкен шыны зауытқа келіп жатырмыз, өте керемет. Бәрі автоматтандырылған және мына жерде мынадай шыны табақшаларын ұстап көріп жатырмыз. Бірнеше түрі бар екен. Болашақта осы жерде жұмыс істегіміз келеді/
Зауытта әзірге 400-дей адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Соның басым бөлігі жергілікті азаматтар. Алдағы уақытта кәсіпорын жанынан тағы бірнеше ілеспе кешен іске қосылмақ. Сонда қосымша жұмыс күші қажет болады, дейді инвесторлар.
ЦУЙ ТУНТУН – ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ /Әзірге мұнда энергия үнемдейтін шыны, айнаның бірнеше түрі және құрылыста қат екі қабатты терезе әйнектерін шығарып жатырмыз. Ал келер жылдан бастап шыңдалған шыны өңдеу жобасын қолға алмақпыз. Ол өте үлкен жоба. Сондықтан бізге білікті мамандар қажет болады. Оқуда озат, қабілеті бар жастарды жұмысқа қабылдауға даярмыз/
Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы 3 жылда аймақта 98 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Бұл бастама толыққанды жүзеге асса, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Демек, талапты жастар тасада қалмасы анық.