#qyzylordatv #тазақазақстан
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ кезекті рейдке шықты. Кәсіпкерлік нысандарды аралап, бірқатар ескертулер жасады. Себебі бизнес өкілдері де жауапкершілікті сезініп, шаһар тазалығына атсалысуы қажет.
Кезекті рейд Күләш Байсейітова көшесінің бойында орналасқан көлік жөндеу және жуу орталығынан басталды. Жұмысшы топ күтімсіз тұрған ғимараттың сырты мен тоз-тозы шыққан жарнамалық тақтайшаға шүйлікті.
Мұнан кейін, жұмысшы топ өкілдері Асқар Тоқмағамбетов көшесіндегі үш қабатты сауда дүкеніне аялдады. Бұл нысанның сыртқы кафельдері сынып, әр-түрлі жарнама бей-берекет қойылған екен. Кәсіп иесіне ескерту берілді.
Бұл күні тамақтану орындарының да санитарлық тазалығы назардан тыс қалмады.
Әрі қарай түсіндірме жұмыстары Желтоқсан көшесінің бойындағы сән салондарының иелеріне жүргізілді. Жұмысшы топ құрылыс қалдықтары мен мүгедектігі бар жандарға арналған пандустың талапқа сай еместігін анықтады.
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ 600-ден астам кәсіп иесіне түсіндірме жұмыстарын жүргізіпті. Алайда, ортақ талапқа немқұрайлы қарайтындар әлі де бар.
Алдағы уақытта халық көп шоғырланған орындарда мұндай рейдтер жиі ұйымдастырылатын болады.