#qyzylordatv

Облыс орталығында ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестірген «АНАҒА ТАҒЗЫМ collection» рухани-мәдени сән көрсетілімі өтті. Жиында дизайнерлер авторлық топтамаларын ұсынып, креативті туындылармен ерекшеленді.

Сәннің тарихы адамзаттың алғаш киім киген дәуірінен бастап қалыптасқан. Алғашында табиғаттан қорғану үшін қажет болса, уақыт өте келе мәдениет пен мәртебенің көрсеткішіне айналған. Кейінгі уақытта елімізде этно стильдегі киімдер индустриясы қарқын ала бастады. Бұған осы сән көрсетілімінде де куә болдық. Рухани-мәдени көрсетілімде 30 үлгіден құралған 9 коллекция таныстырылып, көрерменнің жоғарғы бағасына ие болды. Олар бір-бірінен матасы мен түр-түсіне, жас ерекшелігі және жасалу техникасына қарай ерекшеленеді. Салтанатты шарада Айман Әбді, Жазира Рамазан, Дана Марлен, Акерке Ахантаева, Айзат Мырзаева, Әсел Елешова және Әлия Айтмұратқызы ұсынған авторлық топтамалар көпшілік назарына ұсынылды.

ЖАНМҰРАТ СЕЙІЛОВ – ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Өте бір әсерлі, өнегелі шара болып жатыр. Бүгінгі шараның да салмағы, идеологиялық маңызы өте жоғары. Мемлекет басшысының ұлттық құрылтайды, әрдайым отырыстарында айтатыны осы ұлттық киімді танымал ету жұмысын бізге тапсырып келеді. Бүгінде республикада ұлттық киім кию үлгісін дәріптеу, насихаттау, ілгерілету бағытында жл картасы әзірленген. Бұл жол картасына біздің облыстан да ауқымды жобалар енгізілген болатын. Міне, бүгін өздеріңіз куә болып отырған «Анаға тағзым» колекциясы рухани-мәдени көрсетілім де соның бәр дәлелі.

Салтанатты жиынның басты жаңалығы – орталықтың авторлық әрі эксклюзивті «АНАҒА ТАҒЗЫМ collection» топтамасы.

АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

«Анаға тағзым collection» топтамасы 7 образдан тұрады. Соның бірі – менің үстімдегі 16-25 жастағы бойжеткендерге арналған «Керім» образы. Бұл туындының басты ерекшелігі минимализм стилінде жасалған. Яғни әрбір топтамадағы киім моншақсыз, әшекейсіз, кенеп жіпті ширату өру арқылы және құрақ тәсілімен безендірілген.

 «Анаға тағзым collection» топтамасында «Балауса», «Керім», «Алтын құрсақ», «Ақ жеңге», «Бегім», «Бибі Ана» және «Ақ үрпек ана» образдары қамтылды.

Өткеннің даналығы мен этно-рухты бүгінгі нәзік минимализммен тоғыстырған киімдер үлгісі 7 образдан тұрады. «Анаға тағзым» орталығының төл бренді «Өмір иірімдері» тұмарының 3D нұсқасы – топтаманың символдық өзегі. 3 түске басымдық берілген коллекция брезент, зығыр, купра және кенеп маталарының ерекше үйлесімі нәтижесінде дайындалған.

 АЛТЫНАЙ МОЛЖАНОВА – «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Президентіміз Ұлттық құрылтайда жалпы біз ұлттық киімдерімізді өзіміз кие отырып, әлемге танылуымыз керек деген тапсырма берген еді. Міне сол тапсырманың аясында біздің «Анаға тағзым» орталығы «Анаға тағзым collection» авторлық топтаманы ұсындық бүгін. Көрермендердің назарына. Жалпы былай қоғам да өзгереді, заманның ағымы да құбылады.Бірақ өзгермейтін бір ғана дүние бар.Ол мынау өзіңнің кодыңның, жадыңның және бұрынғы өткен ол өшпейді. Соны біз өзіміздің коллекциямызда көрсеткіміз келді. Және ол негізгі иедямыз орындалды деп ойлаймын.

 «Анаға тағзым» орталығы ұлттық киімдер топтамасын ғана ұсынып қойған жоқ, креативті кәдесыйдың да таныстырылымын жасады.

 АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

Шара барысында тыныстырылған бұл креативті кәдесый «Үкілі үміт» деп аталады. Туындыдағы әрбір өрім отбасындағы сенім, татулық пен берекені білдіреді. Жас отау иелеріне «шаңырақтарың биік, босағаларың берік болсын» деген ізгі ниетпен ұсынылады.

 Нәзіктік пен әдемілік, ұлттық мәдениет мен қазіргі стиль үйлескен сән көрсетілімі көптің көңілінен шықты. Ұлттық мәдениетімізді жарқыратып көрсеткен бұл шарада көрермендер ерекше көңіл-күйге бөленді.