#qyzylordatv
Қызылордада полиция, қалалық әкімдік және төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп, пиротехникалық заттарды сататын сауда орындарына рейдке шықты. Заң бойынша от шашар бұйымдарды арнайы лицензиясы бар кәсіпкерлер ғана сата алады. Алайда пиротехникалық заттардың саудасы қызған шақта заңсыздық да белең алады. Сондықтан мамандар қазірден түсіндірме жұмыстарына кірісіп кетті.
Елімізде пиротехника – лицензияланған қызмет түрі. Бұл дегеніміз – күнтізбе парағы жаңаратын тұста саудасы қызатын кәсіпкерлердің өнімі белгіленген стандарттарға сай болуға тиіс. Алайда осыған қарамастан заңсыз саудамен айналысып, қалтасын қампайтуды көздейтін азаматтар әлі күнге дейін кездеседі. Жаңа жыл түні аспанда атқылап, жарқ-жұрқ еткен фейерверктер көңілді көтергенімен, оның салдары сәтсіз болуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн.
АСХАТ ТОҒЫЗБАЕВ – ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Қазіргі таңда ағымдағы жылдың 5 желтоқсанынан бастап жергілікті атқарушы органдармен сонымен қатар полиция департаментіментімен бірлесіп тжд қызметкерлері базар төңірінде орналасқан ператехника сатушыларға үгіттеу түсіндіру рейд жұмыстары ұйымдастырылды. Осы рейд жұмыстардың мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау. Сонымен қатар осы қала тұрғындарына ескертетін болсақ осы заңсыз сатылып жатқан ператехниканы қолданбауын, сатып алмауын сұраймыз. Қазіргі таңда бұл жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде, алдағы келе жатқан жаңа жылымызға қарсы профилактикалық жұмыстар үлкен ауқымды деңгейде облыс төңірегінде, қала төңірегінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.//
Рейд тек базар маңымен шектелмеді. Жұмысшы топ мүшелері орталық көшенің бойындағы сауда нүктелеріне беттеді. Тексеріс барысында мамандар дүңгіршек иелеріне де қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Төтеншеліктердің айтуынша, заңсыз пиротехниканың ең үлкен мәселесі – сапасыздығы. Көбі сертификатталмаған, құрамында қауіпті химиялық қоспалар болуы мүмкін. Ал оны пайдалану тұрғындардың қолын, бетін, көзі мен есту жүйесін жарақаттауға алып келеді. Рейд барысында мамандар тек сатушыларға ғана емес, тұрғындарға да заңсыз сауданың салдарын түсіндіруге тырысты.
Рейд жұмыстары күн сайын жүргізіліп, жауаптылар қаланың барлық сауда орындарын қамтуды жоспарлап отыр. Жаман айтпай, жақсы жоқ, бір сәттік әсер үшін алынған сапасыз зат үлкен қайғыға себеп болуы мүмкін. Ал пиротехника сатып алар алдында ең алдымен қаптамаға назар аударып, оның жарамдылық мерзіміне мән беру қажет. Сосын дүкен иесінен сапа сертификатын тексеріп, өндіруші елдің белгісі мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды сұраған жөн.