#qyzylordatv #тазақазақстан
Апта соңында облыс аумағында қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы 15 градусқа дейін төмендейді. Ал, аяз күшіне мінген сайын коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмысы қыза түсері белгілі. Мамандар табиғаттың тосын мінезіне дайын ба? Әріптесім Дәулет Сағит «Қызылорда тазалығы» мекемесінде болып, арнайы техникалардың жай-күйімен танысып қайтқан болатын. Сюжетке зер салайық.
Бүгінде «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 150-ге жуық техника бар. Оның қысқы кезеңге қатысатын 57 арнайы техникасы сақадай-сай, дейді мамандар.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Солардың бірі ресейлік «Амкадор-37» деп аталатын арнайы коммуналдық техника көше бойында үйілген қарларды келесі бір көлікке тиеп жіберетін қызметке ие. Бұл техника сағатына шамамен 150 метр кубқа дейін қарды жинауға қауқарлы. Қазір мұндай техниканың екі дана «Қызылорда тазалығы» мекемесіне тиесілі. Жүргізушілер дәл қазір бұл көліктің май-суын ауыстырып, қысқа толықтай дайындап қойыпты.//
ТАЛҒАТ ДҮЙСЕНОВ – КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ //Қар жауған уақытта күн-түнге қарамай жұмыс жасаймыз. Жаңбыр жауып, көктайғақ болғанда осы техникамен тұз аралас құм себеміз. Өзім жиырма жылдай болды осы салада жұмыс жасап келе жатқаныма. Бұрын кезеңмен осы кезеңді мүлдем салыстыруға келмейді. Техникалар жаңарған. Бәрі жақсы.//
Одан бөлек, қар тазалау жұмыстарына екі ауысыммен 270 жұмысшы жұмылдырылады. Сонымен қатар, мекеме базасында екі жарым мың тонна құм мен тұз аралас қоспа жинақталған. Бұл қоспа көктайғақ кезінде қажет болады.
ГҮЛЗИНАТ ЖҰМАБЕКОВА – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ //Әні-міне дегенше қыс айы да келіп жетті. Енді біздің мекеменің қызметкерлері мен арнайы техникалары барлық қысқы жұмыстарды атқаруға сақадай-сай. Осыған дейін қызметкерлердің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде осыған дейінгі қыс мезгілдерінде ешқандай кедергісіз жұмыстарды толығымен аяқтап келеміз. Биыл да бұл жұмыстарды жоғары деңгейде атқарамыз деп айта аламын. Біздің мекеме екі ауысымда жұмыс жасайды. Күндізгі және түнгі. Ал, қыс мезгіліне қарай кезекшілік ұйымдастырылып, одан бөлек екі ауысымдық жұмысты одан әрі нығайтып, қызметкерлер санын арттырып отырмыз.//
Сондай-ақ, қысқы кезеңдегі тазалық жұмыстарына есту қабілеті бұзылған ерікті жастар да өз үлестерін қосуда. Бұл бригаданы Салтанат Алмаханова басқарады. Команданың ортақ мақсаты – туған өлкені таза ұстау.
САЛТАНАТ АЛМАХАНОВА – «ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ //Жалпы бұл жастармен жұмыс жасап келе жатқаныма екі жылдан асты. Бригаданың басты жұмысы қала көшелеріндегі арықтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдары тазалау. Балалардың жұмысқа деген ынтасы өте зор. Еңбекқор. Жұмыстан бірде бір күн қалмайды. Біздің айтарымыз қала тұрғындарына туған өлкемізді таза ұстайық, қаламыздың көркеюіне бәріміз бірге атсалысайық дегіміз келеді.//
Қазгидромет мамандары алдағы күндері қар аралас жаңбыр жауып, арты көктайғаққа ұласуы мүмкін деп болжап отыр. Осыған байланысты коммуналдық сала қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырып, тазалық жұмыстарын екі ауысымда атқармақ.