#qyzylordatv

Спорт жаңалықтары. «Евразия» спорт кешенінде қала әкімінің кубогы үшін шағын футболдан облыстық турнир өтті. Ала доп бәсекесіне өңірімізден 18 команда қатысты. Тілші бейнематериалында толығырақ.

 Бүгінде шағын футбол қызылордалықтардың сүйікті спорт түріне айналды. Ала допты жанына серік еткендер қатары күн санап артып келеді. Биылғы маусымда тек қала біріншілігіне 50-ден аса команда қатысып, үш мыңнан астам адам жасыл алаңда доп тепті. Ал, жылдың қорытынды турнирінде талай бәсекелерде жүлде олжалап жүрген аймақтағы үздік командалар өзара мықтыны анықтады.

Сынға түскен 18 команда жеребе арқылы 5 топқа бөлініп, алдымен іріктеу кезеңінің ойындары өрбіді. Бұл турнирдің бір ерекшелігі әр матч футзал ережесіне сәйкес 40 минутқа созылды. Талас-тартысқа толы додада 11 команда топтан сүрінбей өтіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.

 Десе де, нағыз тартыс жартылай финалда болды. Айдар Жақсыбек, Асхат Байсеркеев, Ұлан Жақсылық секілді футболшыларды құрамына жинаған «Орда С» командасы кіші финалда «Сырдария» аяқдопшыларына қарсылас атанды. Бұл ойында «Орда С» жігіттері сырдариялықтарды 8:1 есебімен тас-талқан етіп жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды.

Екінші жартылай финалда «КГЕК» командасы «Қожамберді» футболшыларын минималды есеппен жеңді. «Қызылорда» футзал клубының шабуылшысы Әділет Сұлтанбектің соққан голы «КГЕКті» финалға жетеледі.

 Ал, жүлделі үшінші орынға «Сырдария» мен «Қожамберді» таласты. Бұл ойында сырдариялық жігіттердің жолы болмады. Олар «Қожамбердіге» 5-3 есебімен есе жіберіп, жүлдеден құр қалды.

 Доп додасы алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан көрерменнің қызу қолдауын тапты. Оның үстіне биыл ғана жасақталған «Қызылорда» футзал командасының жетекшілері де матчты тамашалап, шебер ойын көрсеткен бірқатар футболшыны құраманың шорт листіне енгізді.

 Сонымен жанкүйерлер тағатсыздана күткен финал да басталды. Қала әкімінің кубогын «Орда С» пен «КГЕК» сарапқа салды. Шешуші матчта толассыз шабуылдар ұымдастырылғанымен ойынның негізгі уақытында гол соғылмады. Жеңімпаз матч соңындағы пенальтилер сериясында анықталды. Футбол лотореясында «Ора С» командасының асығы алшысынан түсіп, жеңісты жұлып әкетті.

 Осылайша, турнирдің жеңімпазы атанған «Орда С» қала әкімінің кубогы мен бас бәйгеге тігілген 700 мың теңгені қанжығалады. Ал, финалға жетіп сүрінген «КГЕККЕ» 400 мың теңгенің сертификаты бұйырды. Қола жүлдегер «Қожамберді» 200 мың теңгеге ие болды. Сондай-ақ, әдемі ойын өрнегін көрсеткен үздік ойыншылар да түрлі марапатқа ие болды.