#qyzylordatv #заңментәртіп

«Адалдық пен заңдылық: қоғамның сенімді кепілі». Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық атаулы күн аясында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен форум осылай аталады. Жиында қордаланған мәселелер талқыланып, сала үздіктері марапатталды.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында адалдық пен заңдылыққа негізделген қоғам ел дамуының діңгегі екенін баса айтты. Расымен қолы таза ар-ожданы берік азаматтар ғана тәуелсіз елдің тұғырына тіреу болары анық. Алайда әлі күнге жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен заң талаптарын көпе-көрнеу бұзу әрекеттерін түбегейлі тойтару мүмкін болмай отыр. Осы орайда облыс орталығында өткен форумда ең әуелі профилактикалық жұмысты жетілдіру жайы сөз болды.

 Сыбайлас жемқорлық әрекеттерін тойтарудың бірден-бір жолы әр мекемедегі комплаенс офицерлердің жұмысын жетілдіру. Аталмыш мамандар ұйым ішінде тәуекелдердің алдын алып, қызметкерлердің заң аясында әрекет етуін қадағалайды. Әрі осы арқылы ұйым беделін сақтап қалуға күш жұмсары белгілі. Десе де әлі күнге дейін бұл қызмет түрі елімізде орнықты жолға түсе қойған жоқ.

Жалпы, өңірде заң үстемдігін негізге ала отырып, профилактикалық шараларды жетілдіру тұрғысында айтарлықтай қозғау бар. Мәселен жыл басынан бері осы бағытта 11 жоба жүзеге асырылды. Соның дені облыс орталығында қолға алынып отыр. Жиында осы бастамалар барысы таразыланып, құқықтық мәдениетті арттыруға үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды.

  Айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық атаулы күн аясында заң мен тәртіпті алға қойған шара өңірдің барлық ауданында ұйымдастырылып жатыр. Бұл бастама құзырлы орган өкілдерінің қадағалауымен тұрақты түрде жалғасын таппақ.