#qyzylordatv

Қазақстанда 1414 қысқа нөмірі арқылы жіберілетін SMS-кодтар енді мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қолданылмайды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. Жаңа ережелер интернет-алаяқтардан сақтану мақсатында енгізіледі. Бұрын кейбір мемлекеттік сервистерге бір реттік SMS-код арқылы кіру мүмкіндігі болған. Алайда 1414 хабарламасы арқылы жеке деректерді ұрлау қаупі жоғары. Сол себепті ақпараттық жүйелердің иелеріне SMS-кодтарды қолданбай, қолжетімділік ережелерін қатаңдату тапсырылды. Енді мұндай жағдайды болдырмау үшін 1414 SMS-шлюзін қолданатын барлық ақпараттық жүйелерге кіру тәртібі қатаңдады.

Бұл процесстер тек биометриялық аутентификация, электрондық цифрлық қолтаңба немесе eGov QR-коды арқылы ғана жүзеге асады. Биыл желтоқсаннан бастап көрсетілген міндетті талаптарды енгізбеген жүйелер 1414 SMS-шлюзінен ажыратылды.

 Бұған дейін министрлік 1414-тен келетін кодтың несие рәсімдеуге тікелей қатысы жоқ екенін ескерткен. Бұл – тек психологиялық айла. Алаяқтар SMS-кодты сенімге кіру үшін пайдаланады. Соның салдарынан ақпарат ұрланып, микрокредит рәсімдеуге қолданылуы ықтимал,-дейді жауаптылар.