#qyzylordatv

Облыстық филармония жанындағы «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің құрылғанына биыл – 5 жыл. Өнер ұжымы осыған орай «Қорқыт ата ізімен» атты мерекелік концертін берді. Рухани кеште тыңдарман киелі қобыз үніне құлақ түріп, ерекше әсер алып тарқасты.

Қобыз қазақ халқының бағзыдан келе жатқан музыкалық аспабы, ұлттық өнеріміз бен төл мәдениетіміздің, рухани құндылығымыздың алтын діңгегі. Тарихи деректерге сүйенсек, қобыздың төрт мың жылдық тарихы бар. Қоңыр үнді киелі аспапты VIII-IX ғасырларда Түркі жұртына ортақ тұлға Қоркыт ата жасаған деседі. Ал, 2018 жылы ұлы абыздың мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілді. Қорқыт күйлері мен жырларын, эпостарын терең зерттеп, кеңінен насихаттау мақсатында облыс әкімінің қолдауымен облыстық филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылып, «Қорқыт сазы» атауы берілді. Бүгінде ансамбльдің репертуарында Қорқыт бабаның жетпістен астам шығармасы бар.

 АЙНУЗА БЕГІМСАЛОВА, «ҚОРҚЫТ САЗЫ» ҚОБЫЗШЫЛАР АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ \Ансамбльдің ерекшелігі форматы мүлдем басқа. Фольклорлыққа жатпайды. Неге десеңіз бұл жерде қобыздың түрлері бар. Айта кету керек, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі еліміздегі штаттық қызметте жұмыс істейтін бірден бір ұжым....\

Қазір ансамбль құрамында жиырмаға жуық өнерпаз бар. Олардың барлығы жоғары білімді, талантты музыканттар. Киелі аспапты серік еткен қобызшылар бес жылдың бедерінде бірқатар байқауға қатысып, жүлделі орындарды еншіледі.

АЙНУЗА БЕГІМСАЛОВА, «ҚОРҚЫТ САЗЫ» ҚОБЫЗШЫЛАР АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ \2025 жылы Ақтау қаласында халықаралық фольклорлық ансамбльдер арасындағы фестивальге барып жақсы өнер көрсеттік... \

«Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің концертіне Қазақ Ұлттық өнер университетінің қобыз және орыс халық аспаптар кафедрасының доценті Алмат Сайжан арнайы қатысып, Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындап берді. Айта кету керек, белгілі қобызшы-композитор Алмат Қарайсайұлы ансамбльдің бес жылдығына орай бес шығарманы өңдеп, тарту етті.

 Кеште Қорқыт күйлерінен бөлек шетел композиторларының туындылары да орындалды. Ұлттық аспаптың үні батыс музыкасына ерекше тембр, ұлттық рең, жаңаша дем сыйлады.

 Осылайша қобыздың қоңыр үні табиғатпен тілдесіп, тіршілікпен үндесіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.