#qyzylordatv

Тірлікте таудай еңбек етсе де, ешқашан кеудемсоқтамайтын қарапайым жандар болады. Сондай сирек азаматтың бірі мәдениет саласының ардагері Мұхамедәлі Әуезов. Ол өмірін өнерге арнап, 50 жыл бойы осы салада табан аудармай қызмет етті. Бүгінде 80 жастан асқан қария дәріптеуге мұқтаж емес. Десе де оның бай тәжірибесін бүгінгі буын білуі керек. Осы орайда әріптесім Елжас Әбділда түйгені көп тәлімгермен тілдесіп қайтқан еді, сюжетін көрейік.

Расы керек, осы күні біз «мәдениет майталманы» деген ұғымды екінің біріне теліп жүрміз. Шын мәнінде мәдениетті майталман қандай болуы керек?! Бұл сауалға бүгежектемеу үшін қарапайым қарияның өмір жолына зер салсаңыз жеткілікті. Иә, Мұхамедәлі Әуезов - қарапайым қария! Бірақ, бүтін ғұмыры өнермен өрілген. Басқасын былай қойғанда, Жаңақорғандағы 6 өнер ұжымының халықтық атаққа ие болуына осы кісінің үлесі зор. Аталмыш ансамбльдер әлі күнге дейін жұртшылыққа рухани әсер сыйлап келеді. Бағамдасақ, өшпес өнеге деген осы.

 МҰХАМЕДӘЛІ ӘУЕЗОВ – МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ / «Көркемөнерпаздар» деген сөздің өзі көрем, өнерді паш етемін, деген сөз. Сондықтан біз сол уақытта жастарды тек өнерге тарттық. Ол уақытта ақша, дүние, баю деген ой ешқашан болған жоқ. Бізде айлықтың ең үлкені 75 сом болды. 1970-80 жылдары айлықтың көлемі сол болды. Сондай қиын заманда сүйтіп жүріп Жаңақорғанның мәдениет үйі 6 халықтық атаққа ие болды.../

 Кейіпкеріміздің анау айтқан атағы да жоқ, атақпен шатағы да жоқ. Десе де, талайдың танылуына талмай еңбек етті. Жаңақорған аудандық мәдениет бөліміне жетекшілік ете жүріп, халық ақыны Манап Көкеновпен бірге өңір өнерін өрістеткен. Өзі де сол тұста Мәскеу төрінде жанды дауыста ән шырқаған санаулы қазақтың бірі. Баяғы буырқанған дүлей диапазонның ізі бар екен. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария халық әндерінің гүл дестесін гүрілдеп орындап берді.

 Мұхамедәлі Әуезов табиғи талантын тәжірибемен ұштап, бүкілодақтық халық шығармашылығы байқауында бірнеше рет топ жарған. Ол осынау асқақ үнін паш етумен қатар, өзі де ән өндірген келісті композитор. Әр туындысында ұлттық бояу бар. Ең бастысы, мәдениет майталманы шығармашылық шырағын жаға жүріп, саланы өрістеткен бірегей басшы.

 МҰХАМЕДӘЛІ ӘУЕЗОВ – МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ / Оқу бітіргеннен бермен қарай мәдениет саласында ғана істедім. Сол салада облыстың 14 мәдениет басқармасының басшысымен, 8 аудан әкімімен жұмыс істестім. Менің ұстанымым, еліме, жұртыма, өз саламдағы мәдениет қызметкерлеріне әркез адал болдым, таза істедім жұмысты. Менің бұл өмірге өкпем жоқ. Ал енді өзімнен кейінгі жастарға айтарым, неқұрлым адал болып, таза еңбек етсең, сонда әрқашанда сенің жүзің жарқын болады/

Жүзі жарқын жан қарттыққа қазынамен жетті. Бұл басқа емес, рухани қазына! Бүгінде кейіпкеріміз өмірлік жолдасы Балапан әжей екеуі 4 ұл-қыздан 40-тан астам немере-шөбере сүйіп отыр. Оларға ұялмай ақылын да, нақылын да айта алады. Бұл қапысыз өмір айғағы.

 БАЛАПАН ӘЛИЕВА – М. ӘУЕЗОВТІҢ ЖҰБАЙЫ / Қызметте адал, сосын өзінің қарамағындағы адамдарға өте жақсы көзбен қарайтын. Жағдайы төмендерге көмектесетін уақытында. Енді қазір зейнетке шығып, Қызылордаға көшіп келдік. Сол адамдар әлі де хабар алып тұрады. Қызылордаға келсе, сәлем береді, тойларына шақырады. Өмірге ұл-қыздарымыз келді. Сол ұл-қыздарына тек жақсылығын, табандылығын, еңбекке үйретті.../

 Мұхамедәлі Әуезов Жаңақорғанмен қоса, Сырдария ауданының мәдениет бөлімін басқарды. Облыс орталығындағы шығармашылық мектеп пен мәдениет үйіне де басшылық жасаған. Бір сөзбен, осы саланың ой-шұқырын көзбен көріп, жүрегінен өткізген жан. Бірақ ол қай қызмет тізгінін ұстаса да, қарапайымдылық қағидасынан қайрылған жоқ. Сонысымен елге сыйлы, ұрпағына ұлық!