#qyzylordatv

Банан, лимон, мандарин, киви. Бұл тропикалық жемістің бәрі Африка емес, өзіміздің Сыр өңірінде өсіріліп жатыр. Ерекше жобаны ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы Ақерке Тәжекеева қолға алыпты. Ал әріптесім Елжас Әбділда оазиске айналған жылыжайда болып, «періштелер жемісінен» дәм татып көрді.

ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ

 Қазір қыс ауасы, Қызылордада қалың қар болмағанымен, өңменіңнен өтердей ызғар бар. Ал мына жылыжайға енсеңіз, мүлдем басқа күй, ауа температурасы +-ті көрсетіп тұр. Ең бастысы, мұндағы жеміс-жидектер иранбақта жүргендей әсерге бөлейді. Бір сөзбен, жаның жылиды/

Ақерке Тәжекеева тропикалық жемістерді жерсіндіруді осыдан 5 жыл бұрын бастаған. Алғашында лимонның «Мейер» сортын егіп, ә дегеннен жап-жақсы өнім жинапты. Қазір мұнда тіл үйірер таңсық жемістің түр-түрі бар.

 ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ

  Сыр суынан нәр алған лимон иісі мұрын жарады. Сондай-ақ, биыл мұнда бірнеше түп банан мен өзге де жеміс-жидектер егілген екен. Ал менің көзіме ұшырасқаны мына бір жеміс болып тұр. Атауын да білмеймін, алғаш көруім. Қазір енді дәмін көрейік, ... әдемі!/

Дәмін татып көргеніміз, папайя атты жеміс екен. Бұл Орталық Америка мен Мексиканың оңтүстік бөлігінде өседі. Кейіпкеріміз Қызылордаға алғаш рет жерсіндіріпті. Папайя нағыз дәруменнің көзі. Сондықтан оны «періштелер жемісі» деп те атайды екен.

АҚЕРКЕ ТӘЖЕКЕЕВА – ЖЫЛЫЖАЙ ИЕСІ

 Апай, папайя жемісін айтып жатырмыз ғой, мұның ең басты ерекшелігі қандай? – Басты ерекшелігі, денсаулыққа өте пайдалы. Көп ауруларға ем бұл, қандағы тромбты тазалайды. Жемісіне қарағанда мұның көк түйнегінің сүті ерекше. Мұның сүтін былай тілу арқылы алып, емге ішуге болады/

Қазір атшаптырым аумақта папайя, лимоннан бөлек, мандариннің бірнеше түрі, киви мен банан да өсіп тұр. Күзгі өнім қыркүйекте жиналыпты. Дем арасында қайта түйнек салып үлгерген. Шыны керек, Ақерке Кеңесбайқызы осы істі қолға алғанда күмәнмен қарағандар аз болмапты. Десе де, алған бетінен қайтпай, ізденістің ізінде жүріп, сортаң жерді жайқалған гүлзарға айналдырды.

 АҚЕРКЕ ТӘЖЕКЕЕВА – ЖЫЛЫЖАЙ ИЕСІ

 Қызылорданың суы ащы, жері тұзды дейміз ғой. Осы жерде маған кезінде айтқан болатын, тропикалық ағаштар түгілі, Қызылордаңызда сіздің тал да өспейді деп. Сондықтан намысқа тырысып өсірдім. Жылыжайымда лимонның неше түрі өсіп тұр, мандарин, цитрус ағаштарының бірнеше түрі өсіп тұр. Қарапайым Қызылорданың жерінде, өзіміздің ішіп отырған суда өсіп тұр/

Жылыжайда тропикалық жеміс-жидекпен қатар, көрсең көз қызығар гүлдің түр-түрі өсіп тұр. Тотықұсы сайрап, көңілі әркез жайнап жүретін кейіпкеріміз енді бұл істің қыр-сырын жастарға үйретпек ниетте.