#qyzylordatv

Арал ауданындағы Жалаңаш ауылында «Келешек мектебінің» стандартымен салынған 150 орындық мектеп пайдалануға берілді. Халықаралық талаптарға сай келетін білім ошағының ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және Сенат, Парламент мәжілісінің депуаттары қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

 Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекені аудан орталығынан 64 шақырым қашықтықта қоныс тепкен. Соңғы жылдары шалғайдағы ауылға айрықша көңіл бөлініп, бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында тастүбектің тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізсе, енді міне Жалаңашта «Білімді қолдау қоры» арқылы жаңа білім ошағы салынып, ел игілігіне берілді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы аясында 54 млрд 850 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынды...\

 Жалаңаштағы ескі мектеп 2005 жылы асар әдісімен салынған болатын. Оқу кабинеттері, спорт залы, асханасы тар, талапқа сай келмейді. Шеберхана деген атымен жоқ. Ал, жаңадан салынған білім ошағында ұстаздар мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Химия, физика, биология, информатика кабинеттері арнайы құралдармен жабдықталған, ауыл балалары енді зертхана бөлмелерінде тәжірибе жұмыстарын жасай алады, робот құрастырып, жаңа технологияны меңгереді.

 ЖАҢАГҮЛ ТАЛАСОВА, ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ \Қазақстан халқы қорының атынан екі кабинет жабдықталды...\

 Тағы бір ерекшелігі, мектепте ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана бар. Яғни, ер балалар ағаш жонып, түрлі бұйымдар жасаса, қыздар тігін тігіп, киіз басып, ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықты ұлықтап отыр.

 Мемлекет басшысы «Ауыл мен қала мектептерінің арасында алшақтық болмауы тиіс. Әрбір бала тең дәрежеде білім алуы керек» деген болатын. Міне, аймақта осы бағытта байыпты бастамалар қолға алынып, білім саласына айрықша көңіл бөлінуде. Себебі, бәсекеге қабілетті, озық ойлы, көшбасшы ұрпақ тәрбиелеу - мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.

Мектепте оннан астам үйірме бар. Оқушылар сабақтан тыс уақытта шығармашылықпен, спортпен айналысады. Ауылда мұндай мүмкіндік бұрын болмаған еді. Сондықтан Жалаңаштық шәкірттердің қуанышында шек жоқ. Айта кетейік, алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектеп «Білімді қолдау қоры» арқылы күрделі жөндеуден өтеді.