#qyzylordatv #заңментәртіп

«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы». Облыс орталығында осындай атаумен кеңейтілген мәжіліс өтті. Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары мен мектеп директорлары, сонымен қатар, ұстаздар мен ата-аналар комитетінің өкілдері қатысты.

 Өңірімізде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс белең алып барады. Ал, әрбір екінші қылмыс түнгі уақытта орын алады. Сондай-ақ, былтыр жасөспірімдер арасында 13 суицид тіркелсе, оның 8-і өліммен аяқталған.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде құқық қорғау, заң шығару салаларында ауқымды реформалар жүргізілуде. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға баса мән берілуде. 2023 жылы Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Жасөспірімдерді құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жауапкершілікке тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен үшін берілетін жаза қатаңдады. Мемлекет басшысы 2025 жылдың 30-шы желтоқсанда «Құқық бұзушылық» туралы жаңа заңға қол қойды. Бұл кәмелетке толмағандар арасында және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың уақытылы алдын алудан бастап, бала құқықтарын қорғау жөніндегі барлық нормаларды қамтиды. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, «Адал азамат», «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді.//

 Облыста кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың статистикасы да сүреңсіз. 2024 жылы 128 оқиға тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 139-ға жеткен. Осыған сәйкес облыстық прокуратура Оқу-ағарту министрлігі мен барлық білім беру ұйымдарына «Адал бала» цифрлық білім беру платформасын қолдануды ұсынып отыр. Жаңа жоба – мектеп жасындағы балалардың жасына сай құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді.

РИЗАБЕК ОЖАРОВ – ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ //Оқу платформасы жас балалардың буллинг, лудомания, есірткіге қарсы, терроризмге одан бөлек, интернет алаяқтық болсын барлығын үйрететін платформа. Ол баланың жасына сай топ-топқа бөлінеді.

Кеңейтілген мәжілісте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалар мен олардың отбасына тәулік бойы қолдау көрсету үшін «111» бірыңғай байланыс орталығының қызметі заңнамалық деңгейде бекітілгенін атап өтті. Енді жасөспірімдер өз мәселесін арнайы QR-кодқа орналастырып, шеше алады.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА – ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ

 Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың профилактикасы мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оның тағдырына ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығына да әсер етеді. Былтыр «111» біріңғай байланыс орталығына 100 мыңнан астам бала өз мәселесі бойынша хабарлама түскен.

 Жиында Парламент Сенаты мен мәжілісінің депутаттары ұрпақ тәрбиесі туралы орамды ойларымен бөлісіп, тың бастаманың маңызына тоқталды.

 Мәжіліс соңында облыс әкімі жауапты сала басшыларына мектепішілік және полиция органдарының есебінде тұрған оқушыларды үйірмеге тарту, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру қажеттігін айтып, бірқатар тапсырма жүктеді.