#qyzylordatv
Қызылордада бір күнде екі көлік ұрлаған күдікті ұсталды. Ол біреудің көлігімен қала аумағынан шығып, белгісіз бағытқа жол тартқан. Бірақ, жарты жолда қылмыстық әрекеті әшкере болды.
30 жастағы қала тұрғыны дүкен жанында көлігін оталдырып, өзі аз уақытқа сыртқа шықса керек. Осы сәтті пайдаланған күдікті, көлікті айдап кетіпті. Автокөліктің қолды болғанын байқаған жәбірленуші дереу полицияға хабарлап, арыз түсірген. Тәртіп сақшылары жылдам әрекет етіп, бейнебақылау камералары арқылы көліктің қала сыртына бағыт алғанын анықтаған. Осылайша, Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күдікті мінген көлікті тас жолда тоқтатып, 22 жастағы аудан тұрғынын ұстады. Тергеу барысында оның сол күні тағы бір автокөлікті ұрлағаны белгілі болды. Күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.