#qyzylordatv
Бүгін – алаш ардақтысы, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 114 жыл. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі халқы үшін аянбай қызмет етті. Оның тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы еңбегі ұшан теңіз.
Ел арасында ұлтының ұлы перзенті жайлы естеліктер көп. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс - сол кездері Қонаевтан сұхбат алған қазақ телевизиясының білікті журналисі.
Дінмұхамед Қонаев туралы мазмұнды естеліктер, жағымды пікірлер жылдар өткенмен, құндылығын жоғалтқан емес. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі» демекші, қайраткердің биік болмысы уақыт озғанмен, халықтың жадында, жүрегінде. Алаш жұрты «Аңыз адам» атаған текті азамат ел дамуы үшін еселі еңбек етті. Оның адал қызметі, іскер басшылығы, қарапайымдылығы, адами құндылықты бағалай білуі өзі өмірден өткенмен, артында жақсы із, жылы естелік, өшпес өнеге болып сақталып келеді. Қайраткер атақ-даңқты емес, халық абыройын асқақтатуды армандады. Қонаевтың ұлылығы халқының алдындағы кішілігінде.
Бұл бейнеүзік осыдан тура 34 жыл бұрын Қонаевтың 80 жылдық мерейтойында түсірілген. Тарихи сұхбатты еліміз тәуелсіздік алған соң шетелде аккредитацияға өткен тұңғыш қазақ журналисі, Түркияда арнаулы тілші қызметін атқарған Ержан Уәйіс жүргізіп отыр. Айта кеткен жөн, Ержан Убайдаұлы тұғырлы тұлғаның есімін ұлықтап, халық үшін қызметін насихаттауды үлкен парызы санайды. Кезінде 6 сағаттық хабар түсіріп, Қонаевтың Түркияға сапарында жанында жүріп, аңыз адамның құндылығын жақын таныған да осы - Ержан Уәйіс.
Ержан Уәйіс - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Иә, ол үлкен қалалардың салынуына, жаңа қаламен қоса адамдарға жаңа үміт, жаңа арман сыйлай білген тұлға. Дінмұхаммед Ахметұлын ерекшелейтін үлкен қасиеттің бірі – оның қарапайымдылығы.
Министрлер кеңесінің төрағасы болғанда Қонаев академик атағы үшін төленетін 340 сом шамасындағы ақыдан бас тартқан екен. Көреген басшы бұл қаражатты балалар мен жас ғалымдарға көмектесу мақсатында жұмсауға бұйырды. Мұнан оның байлық, дәулетке қызықпайтын даралығын, кеңпейіл жомарттығын, адалдығын аңғаруға болады. Оның имандылығы, кең пейілділігі әрдайым тұлғалық болмысын даралап тұратын.
Ержан Уәйіс - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Халқына адал еңбегін, өнегесі мен өсиетін қалдырған Қонаевтың баянды бейнесі уақыт сырғығанмен, ел жүрегінде сақталып қалады екен, дейді кейіпкеріміз. Расында, біртуар тұлғаның биік болмысы Қазақ елінің санасынан өшкен жоқ.