#qyzylordatv

Еліміздің қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Қорғаныс министрін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет күтіп алып, аймақтағы әскери бөлімдер мен жеке құрамның қызмет барысын таныстырды.

 Дәурен Қосанов алдымен облыс орталығында орналасқан №99215 әскери бөлімі аумақтық қорғаныс бригадасының жұмыс барысын көрді. Мұнда министрге жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымды дамыту жоспары баяндалып, саладағы түйіткілдер ашық талқыға түсті. Аталмыш құрылымның түпкі мақсаты да осы. Маңызды мәселелер қалтарыста қалмай дер кезінде айтылса, басшылық пен әскери қызметшілер арасында сенімді байланыс орнамақ.

 Мұнан соң қорғаныс министрі облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент базасында құқық қорғау және әскери құрылым басшыларымен кездесті. Жиында департамент бастығының есебін тыңдап, әскери саладағы бірқатар қоғамдық ұйым жетекшілерінің пікіріне құлақ түрді.