#qyzylordatv

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыстық онкология орталығына берілген жоғары технологиялы жылжымалы медициналық кешеннің көмегімен осы кезге дейін 7 мыңнан астам адам тексеруден өткен.

Ал, қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағында жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы бой көтеруде. Осы және өзге де нысандардың жұмысымен Парламент мәжілісінің депутаттары танысып шықты.

Мәжіліс депутаттары алдымен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыстық онкология орталығына берілген жоғары технологиялы жылжымалы медициналық кешенмен танысты. Компьютерлік томограф, цифрлық маммограф, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты бар кешеннің көмегімен 2023 жылдың қараша айынан бері 74 іссапар ұйымдастырылып, шалғай елді мекенде орналасқан 7 мыңнан астам тұрғын тексеруден өткен. Мұнан кейін, мәжілісмендер облыстық қан орталығының жұмысымен танысты. Жаңа ғимарат іске қосылғалы қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші екі есеге артқан.

 ЖАЛҒАСБЕК ҮСЕНОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ //Қазіргі күні орталықта жылына 13 мыңға жуық донорлар келіп отырады. Бірақ, оның 2-3 мыңға жуығы шеттетіліп қалып жатады. Оның себебі, дайындықсыз келеді немесе қанында холестерин немесе довлениесінің болуы болмаса учетта тұруы деген сияқты сондаймен шеттетіліп қалып жатады. Қалған 10 мың адамы тапсырып, донор болады. Осы бір жылдың көлемінде 10 мыңға жуық литр қан өндіріп, сұранысқа сәйкес өңірдегі 17 медициналық ұйымға беріліп отыр.//

 Депутаттар жаңа автовокзалдың да тыныс-тіршілігімен танысты. Сыйымдылығы 200 адамға шақталған сапаржайда күту залымен қатар ана мен бала, жүргізушілердің демалыс бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар, медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары секілді қажетті қызмет түрлері бар. Қазір автовокзалда жолаушыларды түсіру үшін – 6, ал сапарға шығатындар үшін – 11 перрон жұмыс істеп тұр. Мұнан кейін, халық қалаулылары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында іске қосылған «Экотакси» қызметімен танысты. Айта кетейік, 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 100 электромобиль сатып алынған болатын. Қазір кореялық көліктерді қуаттар үшін қала бойынша 8 станса орнатылған.

МҰРАТ ӘБЕНОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ //Қызылордада жасалған жақсы жаңалық – бұл 100 такси «Апару» жүйесіне қосылған. Қазақстандық жүйе. Яғни, әр жүргізуші бір рейс үшін 60 тг ғана төлейді. Қалған ақша адамға түседі. Осыған сай жүргізушілерде өз айлықтарын алып отырады. «Яндекс» дегенде белгісіз қанша адам жұмыс істеп жатқаны. Адамдардың барлығы ренжулі. Мемлекеттен ешқандай бақылау жоқ. Менің ойымша басқа өңірлер де қолға алу керек.//

 Мәжілісмендер сол жағалауда бой көтерген теннис орталығына да барды. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орын мен жаттығу залы, әкімшілік бөлмелер бар. Орталықта қазір 300-ден аса бала үстел теннисімен шұғылданып келеді. Оларға 5 кәсіби жаттықтарушы оқу-жаттығу процесін жүргізеді.

Халық қалаулылары темір жол вокзалының ішкі қызметімен танысты. Еске салсақ, 2023 жылы жолаушыларға жайлы жағдай жасау үшін теміржол вокзалындағы ғимараттар жөндеуден өтіп, перрон мен автотұраққа асфальт төселді. Сонымен қатар, жарықшамдар орнатылды. Мұнан бөлек, билет беретін кассалар мен санитарлық тораптар стандартқа сай жабдықталған.

Мәжіліс депутаттары қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағына да аялдады. Қазіргі күні саябақ аумағы ұлғайтылып, абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, мұнда 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары, түрлі аттракциондар, вело және жүгіру жолақтары жасалады.

Сонымен қатар, саябақта жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы бой көтеруде.