Биыл су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін. Салдарынан оңтүстіктегі шаруалар судан таршылық көруі мүмкін. Ал сала министрлігі тіршілік нәрін заңсыз пайдаланатындармен күресті күшейтіп, тапшылық мәселесін шешуді бастады. Министр Үкімет отырысында бір жыл бойы атқарған жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарымен де бөлісті.


 Оңтүстіктегі қоймалар суға толмай жатыр. Қазір ондағы су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1,9 млрд текше метрге төмен. Себеп, климат өзгеріп, мұздықтар аз еріп жатыр, жауын-шашын да аз. Салдарынан биыл да оңтүстіктегі шаруалар судан таршылық көруі мүмкін. Ал, су үнемдеуге жұмсалып жатқан қаражат қайда? Үкімет басшысы сала министріне нақты сұрақ қойды.


 ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ //Мына 540 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді деп айтып жатырмыз. Аз емес. Қомақты қаржы бөліп жатырмыз. Алдағы үш жылға 300 млрд теңгеден астам береміз. Оның нақты әсері бар ма, су үнемдедік пе, диқандарға су бердік пе? Қандай нақты нәтижесі?//


НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ – ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ //Ең бірінші 2023 жылмен, 2024,2025 жылды салыстырғанда жалпы пайдаланып жатқан су көлемі тұрақты түрде азайып келеді. Егілген суармалы жерлердің көлемі 1,2 млн гектар жерінде қалып тұрса да, пайдаланып жатқан су көлемі мысалы 2023 жылы 11 млрд 800 млн текше метр болса, биыл 11 млрд 100 млн текше метр. Ол дегеніміз 700 млн текше метрді пайдалануды қысқарттық. Су үнемдеу технология арқасында.//


 Жаңа технологияның нәтижесінде 700 млн текше метр су үнемдедік деді, сала министрі. Ал, оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары желтоқсаннан басталып кеткенін атап өтті.


 НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ – ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ //Өңірлерде фермерлермен кездесулер өткізіліп, су үнемдеу қажеттілігі және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері түсіндірілуде. Атап айтқанда, 2025 жылдың желтоқсан айының басында Премьер-министр орынбасары Бозымбаевтың төрағалығымен Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында көшпелі кеңестер өткізілді. Онда су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау және су үнемдеу технологияларына жедел көшу қажеттілігі атап өтілді.//


Судың «қара нарығына» қарсы күрес күшейеді. Заңсыз пайдаланып жатқандарға тосқауыл қою мақсатында Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс тобы құрылады. Әр тамшы судың сұрауы болады.