#qyzylordatv
Осыдан тура 101 жыл бұрын Қызылордада аса маңызды саяси мәнге ие Қазақ кеңестерінің Ү-съезі өтті. Тарихи сабақтастық салтымен енді егемен еліміздің 5-ші Ұлттық құрылтайы тағы осы Сыр төрінде ұйымдастырылуда. Ұлттық құрылтай мүшелері бүгін панельді сессияларда қоғам өміріндегі көкейтесті мәселелерді ортаға салды. Ел үшін ерекше мәнге ие барлық ұсыныстар екшеленіп, күні ертең Заң жобасына айналары анық. Еске сала кетейік, осыған дейінгі өткен құрылтайларда айтылған ұсыныстар нәтижесімен 16 заң қабылданған болатын.
Қызылордадағы құрылтай еліміздің саяси және қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға болары анық. Ерекше мәнге ие, ауызбіршіліктің алтын қазығы болған құрылтай осыған дейін Ұлытау, Түркістан, Атырау, Бурабайда өтті, онда айтылған ұсыныс-пікірлер зерделеніп, 16 заң қабылданды. Енді міне, мемлекеттің қоғамдық-саяси жүйесінде ерекше роль атқаратын құрылтай Сыр төрінде жалғасуда.
Құрылтайдың жұмыс секцияларында, оның ішінде Үкімет басшысының орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен «әлеуметтік-мәдени даму» пленарлық кеңесінде көптеген көкейтесті мәселелер көтерілді. Мысалға, Парламент депутаты, ұлттық құрылтай мүшесі Е.Жаңбыршин елдегі кәріз жүйесі проблемасын жедел шешу қажеттігін, суды өңдеу өзектілігін ортаға салды.
Ал, оның әріптесі Самат Нұртаза мектептердегі психолог, еден жуушы, емдеу мекемелеріндегі көлік жүргізушісі мен күзет қызметіндегілердің жалақысын көтеру қажеттігін алға тартты. Себебі де түсінікті, мұғалім мен дәрігердің жалақысы өскенде әлгі айтылған санаттағы жұмыскерлер әрдайым сырт қалып келеді.
Ұлттық құрылтай Президенттің жанындағы консультативті кеңесші орган ретінде өзінің миссиясын толық орындауда. Әрбір құрылтай мүшесі халық пен билік арасындағы алтын көпір екендігін терең сезінеді және халықтың арасындағы ой-пікірді кедергісіз жеткізуге арналған осы үлкен алаңда балалар оқулықтары туралы олқылықты айту парызым деп білемін, - деді өз кезегінде белгілі қоғам қайраткері Бекзат Алтынбеков, сонымен қатар, ол Сыр еліндегі даму үдерісін де тілге тиек етті.
Қызылордадағы Құрылтайдың мәні ерекше дейді сарапшылар. Мұнда сонымен қатар, алдағы мемлекеттік басқару жүйесі, конституциялық-парламенттік реформалар бойынша жүйелі ұсыныстардың көтерілуі ықтимал. Құрылтайдың толыққанды бет-бейнесі мен оған арқау болған мәселелердің жәй-жапсарын күні ертең ел Президентінің қатысуымен өтетін жиында көретін боламыз.