#qyzylordatv
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі ірі су нысандарының жай-күйі мен оларды дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Соның ішінде Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген тапсырмалар аясында салынуға жоспарланған «Қараөзек» су қоймасының жобасы талқыланды.
Аталған су қоймасы елімізде бірінші кезекте салынатын 9 су нысанының қатарына енген. Қойманың жобасы Ислам даму банкінің «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруға ұсынылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Құрылысты жыл соңына дейін бастау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбырының жағдайына ерекше назар аударылды. 1986 жылы пайдалануға берілген құбыр желілерінің тозуына байланысты Арал және Қазалы аудандарындағы 65 елді мекенде тұратын 160 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтуда қиындықтар туындап отыр.Мәселені шешу мақсатында топтық су құбырының екінші тармағын салу жобасы әзірленген. Жобаның жалпы құны – 43,7 миллиард теңге. Оның аясында 234 шақырым су желісін салу жоспарланған.