#qyzylordatv

Жалағаш ауданында өткен жылы азаматтық хал актілерін тіркеу саласы бойынша бірде-бір ажырасу тіркелмеген. Бұл облыста ғана емес республикада сирек кездесетін көрсеткіш. Ендеше берік отбасы болудың сыры неде? Әріптесім Әкімжан Жолтаев біліп келді.

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ

\Отбасы – баға жетпес байлық, құнды қазына, ең басты құндылық. Сондықтан әрбір шаңырақта шаттық ұялап, жанұяда жылыулық сезіліп тұруы тиіс. Алайда қазіргі қоғамда екі жастың арасындағы түсінбеушілік, ажырасу секілді мәселелер өте өзекті проблемаға айналып отыр. Мәселен, өткен жылы Қызылорда қаласының өзінде екі жүзден астам неке бұзылған, ал Жалағаш ауданында керісінше, бірде- бір ажырасу тіркелмеген\

АЙЖАМАЛ АҚБЕРГЕНОВА, АУДАНДЫҚ АХАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ \2025 жылы ауданымызда 111 неке қиылды. Ең қуаныштысы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде ешқандай неке бұзу тіркелген жоқ. Бұл отбасылық құндылықтарымыздың нығайып келе жатқанын көрсететін өте жақсы көрсеткіш деп есептеймін\

Бұл - отбасылық құндылықтарға жауапкершілікпен қараудың, ұрпақ тәрбиесіне жіті көңіл бөлудің нәтижесі дейді «Ұлағат аналар» кеңесінің төрайымы.

АЙҚЫН ЖАҚСЫЛЫҚОВА, «ҰЛАҒАТ АНАЛАР» КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ \ Әр ауылда осы отбасы құндылығын сақтау, әке мәртебесі, ананың тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі біздің басты назарымызда. Негізгі миссиямыз ата бабаларымыздың салып кеткен сара жолын жас ұрпаққа мұра ету.\

Шын мәнісінде, нағыз берік отбасы – үлкен еңбектің нәтижесі. Осы орайда Жалағашта отбасы құндылығын сақтау, үлкенді құрметтеу, бала тәрбиесі, ене мен келін арасындағы сыйластық жақсы жолға қойылған.

КҮЛДӘШ ТОҚПАНБЕТОВА, АҚСУ АУЫЛДЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ \босағамызға келіп түскен келіннің алғашқы қадамынан бастап басына орамал тарту, бұрынғы ата бабаларымыздың сыластықтың сара жолымен бірталай тәлім тәрбие беріп кеткен. Біз соны жастардың бойына сіңіріп, білгенімізді дәріптеп келе жатырмыз.\

НҰРИЛЛА ҒАППАРОВА, КЕЛІНІ

\бес жыл болды келін болып түскеніме. Мен мамамнан көп нәрсені үйрендім. Соның ішінде айран пісу, қатық ұйыту және кілем тоқу, құрт жасау, нан көму. Келіндерге айтарым үйдегі қазыналарыңызды сыйлаңыздар, сол кезде ұрыс көп болмайды.... \

Ауданда ұзақ жылдар бір шаңырақ астында бақытты да баянды ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітіп отырған «Гауһар» той, «Алтын» той иелеріне құрмет көрсетіледі. Бұл енді ғана отау құрып жатқан жас жұбайлар үшін тағлымды тәрбие, үлкен өмір мектебі.

МЕРУЕРТ НҰРҒАЛИ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ \біз отбасын құрып, шаңырақ көтеріп жатырмыз. Отбасының берік болуы екі жаққада байланысты деп ойлаймын. Екі жастың арасында сыйластық болса барлығы жақсы болады деп ойлаймын\

Ал еңбек ардагері, белгілі атбегі Қабылбек Нұрмағамбетовтің өмірлік жары Бақыткүлмен отасқанына жарты ғасырдан асса да бір-біріне қабақ шытып көрмепті. Өмірдің ащы-тұщысын қол ұстасып қатар көріп келеміз дейді қария.

ҚАБЫЛБЕК НҰРМАҒАМБЕТОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ \Неке иманның жартысы, иман адам баласына берілген үлкен бақыт. Неке қажеттіліктен туып тұр. Біз бір бірімізге қажетпіз, мұқтажбыз. Біз екеуміз қосылып, сүйіспеншіліктің негізінде дүниеге адам әкелеміз. Бұл енді өмірде ең жауапты сәт. Мен өз өмірімде сондай жауапкершілікпен қарадым. Ниетке байланысты не нәрседе.

Былтыр облыс бойынша 3792 неке тіркелсе, азаматтық хал актілерін тіркеу саласы бойынша 338 ажырасу дерегі тіркелді. Яғни, өңірімізде бұзылған некелердің саны 14 пайызға төмендеген. Ал жыл бойы бірде-бір ажырасу дерегі тіркелмеген аудан халқы бұл жағдайға әрі қуанып, әрі марқайып отыр.