#qyzylordatv

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Orhun Medical компаниясының жаңа медициналық орталығына барды. Соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған диагностикалық қызмет көрсету мекемесі алдағы ақпан айында ашылады.

 Орталықтың басты ерекшелігі - позитронды-эмиссиялық томография қызмет көрсетеді. Яғни, жоғары технологиялық онкологиялық диагностика аты жаман ауруды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін бағалауға және емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, өңір тұрғындары бұған дейін мұндай тексеруден өту үшін Алматы мен Астана қаласына баруға мәжбүр болатын. Медициналық мекемеде мұнан бөлек МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диагностика қызмет көрсетеді және күндізгі ем алу бөлмесі де қарастырылған. Барлық зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі. Орталық іске қосылған кезде сексен адам жұмыспен қамтылмақ.

АЛМАТ ЖҰМАБАЕВ, «ORHUN MEDICAL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ \Медициналық орталықта ПЭТ/КТ зерттеулер өткізілетін болады. Бұл аппаратқа жасанды интелект қосу мүмкіндігі бар. Инвестициялық жоба толығымен түрік компаниясының қаржысымен атқарылды. Жобаның құны – 2,5 млрд. теңге. Жылына кем дегенде 2,5 мың пациент осы ПЭТ/КТ зерттеулерден өте алады. Бұл онкология ауруына ең жақсы зерттейтін әдіс болып табылады. Дәл қазір осы ПЭТ/КТ Алматы, Астана, Семей, Шымкент қалаларында бар. Бір жылдың ішінде екінші орталығымызды ашып жатырмыз. Біріншісі Ақтау қаласында болса екіншісі Қызылорда қаласында \