#qyzylordatv
Ұлттық Құрылтайдың секция отырысында білім мен ғылымды дамыту жайы сөз болды. Жиында аталған салаға қатысты қандай мәселелер айтылды? Тілшіміз баяндайды.
САЯСАТ НҰРБЕК – ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ
Биыл Жасанды интеллект пен цифрлық даму жылы болып жарияланды. Жаңа университет құру тапсырмасы берілді. Жасанды интеллект университеті. Соны да талқылауға салуға жоспарымыз бар. Қалай болу керек? Қай қалада орналасу керек. Оның бағыты не болуы керек? Жалпы жасанды интеллект этикасы қалай болуы керек? Қалай қолдануымыз керек? Неге десеңіз қазір ең үлкен университеттерде мәселе болып кетті. PhD дәрежесінің мағынасы қалды ма? Қалмады ма? Неге десеңіз бәрін жасанды интеллектпен жасауға болады. Енді білімнің сапасын көтеру керек. Тағы бірнеше сұрақтар бар.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Облыс орталығында өтіп жатқан бесінші құрылтай аясында секция отырыстары өтті. Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек жетекшілік еткен жиын барысында ғылымды дамыту, салада жасанды интеллектіні қолдану, жастарға кәсіби бағдар беру, оқулық мәселесі және дарынды жастарға қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Жиында мектеп түлектерінің мамандық таңдауына қатысты ұсыныс айтылды. Жоғары оқу орнының ректоры өткен жылы «аударма ісі» мамандығын таңдаушылардың көп болғанын атап өтті. Талапкерлер жоғары балл жинағанымен, білім гранты бәріне бірдей бұйырмайды. Сондықтан ағылшын тілін жетік білетін жастар сұранысқа ие мамандықтарды таңдауы керек. Ол үшін «кәсіби бағдар беретін арнайы маман болу керек» дейді ол.
ЛАУРА ҚАРАБАСОВА – Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ
Мен бүгін Оқу ағарту министріне ұсыныс берген болатынмын.Оқушылардың потенциалын ескере отырып, қазіргі уақытта мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанға келіп жатқан шетелдік университеттің кампустары бар ғой, соның ішінде Ақтөбеде Хейлунд университетінің филиалы бар. Осы кампустарда ағылшын тілін меңгерген балаларды әрі қарай математика,информатика бағыттары бойынша жақсылап дайындау арқылы оларды экономиканың сұранысына ие мемлекеттік грант орналастырылатын бағыттарға түсуіне мүмкіндік жасау. Бұл бағытта университеттің жарнама жасауы бір бөлек, ата-аналармен көбірек жұмыс жасайтын бұл мектеп. Сонымен қатар мектептерде кәсіби бағдарлаушы деген арнайы маманның болуы да маңызды.
Студенттерге қазақ тілді оқулықтардың қолжетімді болуы да секция отырысында сөз болды.
КӘРІМБЕК ҚҰРМАНАЛИЕВ – ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ
Бүгін мен енді оқулық мәселесін көтердім. Өйткені біздегі 650 мың студенттің 75 пайызы қазақ тілінде оқиды.Бірақ олардың 49-ақ пайызы қазақ тілді оқулықты пайдаланады.Сонда 51 пайызы қай тілде оқытылады?Міне, осы жөнінде бюджеттен мектеп сияқты оқулықтарды қамтыса деген. Осының алдындағы отырыстарды айтқанмын. Қаржы министрлігі оған ақша жоқ, қыруар миллиардтар керек деп. Өз ойымды жинақтап келіп, электронды оқулықтарды шешу мәселесін айттық.
«Білім сайыстарының жеңімпаздарын спортшыларды қолдағандай қолдау керек» дейді Ұлттық құрылтай мүшесі. Олжас Сүлеймен білімді трендке айналдыру туралы ойымен бөлісті.
ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕН – «QAZAQSTAN TEAM» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ,
Менің көтерген мәселем – қазір өздеріңіз білесіздер математика әртүрлі пәндерден озат болып, өздері бір жетістікке жетіп жатқан қаншама жастарымыз бар. Математикадан халықаралық олимпиадада жеңіп келіп жатқан, робототехникадан Қазақстанның жастары 4 дүркін чемпион. Ол бір елде қайталанбаған жағдай. Себебі спортшыларымызды қалай қарсы аламыз?Сол математика, робототехника, түрлі пәндерден Олимпиаданы жеңіп келген жастарымызға да дәл солай қошемет көрсетіп,қарсы алып, елдің ортасына насихаттайтын болса, білім деген бір трендке айналар еді деген ойым бар.
Құрылтайға жеткен ұсыныстардың еленбей қалмайтыны анық. Жиында мұнан өзге де мәселелер сөз болды. Ғылым мен жоғары білімді дамытуға қатысты байырқалы бастамалар саланың дамуына септігін тигізеді деген сенімдеміз.