#qyzylordatv
Құрылтай қазақтың жадынан өшпеген, тарихтың тереңінен жеткен қасиетті ұғым. Ол ел басына күн туған шақта, жер тағдыры таразыға түскенде, жұрттың жадын бір арнаға тоғыстырған ұлы кеңес. Қазір уақыт басқа, талап басқа. Бірақ мәселе сол — ел болу. Құрылтайдың қадірі — көптің сөзін тыңдауда. Президент пәрменімен бекіген Сыр өңірінде өтетін бесінші құрылтайдан көптің күтері мол.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
//Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды//
Президент ұлт ұясы Ұлытауда өткен алғашқы жиында құрылтайдың қазақ тарихындағы маңызын осылай айшықтады. Шынында Күлтөбенің басында күнде жиын өткен жоқ. Бірақ елдікке қатер төнгенде үш жүздің басы бір тудың астына жиналды. Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» түзілді. Ол қағазға емес, халықтың санасына жазылды. Уақыт өзгерді. Хандық билік жойылды. ХХ ғасыр басында Алаш арыстары құрылтайға жаңа мазмұн берді. Орынборда өткен жалпықазақ съездері — ұлт тағдырын ашық талқылаған тарихи мінберге айналды. Бүгінде бұл үрдіс Ұлттық Құрылтай арқылы жаңғырып отыр. Бұл — өткенді қайталау емес, елдік мұратты жаңа заман талабына сай саралау.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ. «Сыр өңірінде өткен Қарақұм құрылтайы елді біріктіріп, әскердің әлеуеті артуына сеп болған бірден-бір кеңес»,- дейді тарихшылар.
БАҚЫТЖАН АХМЕТБЕК - ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОКТОРАНТЫ
«1711 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Қарақұмда Қазақ хандығының құрылтайы өткен. Бұл Құрылтай қазақ халқын Ұлы Жеңістерге жетелеп Қасқа, Жауғаш деген жерлердегі «Қалмаққырылған» деген шайқастарға жеткізген. Ал енді Қызылорда қаласында өтетін Ұлттық құрылтай қай тұрғыдан құнды болмақ?
Бұл алдымен қазақ тілінің мәртебесін көтеретін құрылтай болады деп сенеміз. Қызылордада өтуі өте маңызды. Өйткені осы қалада осыдан 100 жыл бұрын 1925 жылы Қазақ АССР астанасы болып, Қазақ атауы қайта жаңғырды. Сондықтан осы құрылтайда қазақ елінің ұлттық рухын көтеретін шешімдер қабылданатынына сенім мол. Бір сөзбен айтқанда, Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтай өңір тарихында ерекше оқиға болғалы тұр».
Бұл құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Осыдан бір ғасыр бұрын Ақмешітте Қазақ АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезі өтті. Съезде ұлтымыздың «қазақ» деген байырғы атауын ресми бекіту туралы шешім қабылданды. Бұл тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болды. Ал Араға 100 жыл салып бесінші құрылтайдың Сыр өңірінде өтуі тарихи сабақтастық болса керек.
Сонымен 2022 жылы Ұлытауда өткен I отырыста ұлттық бірлік, әлеуметтік татулық, қоғамдық диалогты нығайту, ел дамуындағы маңызды мәселелерді талқылау, халықтың ұсыныстарын жинау мәселелері қаралды.
Құрылтайдың екінші отырысы 2023 жылы Түркістанда өтті. Онда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында әлеуметтік әділеттілік пен азаматтық жауапкершілікке бағытталған ұсыныстар, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй және жұмыс орындарын арттыру бойынша идеялар айтылды.
2024 жылы Атырауда өткен құрылтай әлеуметтік трендтер, бизнес-даму, экономикалық өсім және қоғамдағы жаңа жағдайлар мен технологияларды пайдалану тақырыптарына арқау болды.
Ал былтыр Бурабайда өткен құрылтайдан кейін қабылданған 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар көптеген өзгерістің бастамасына айналды. Жоспар аясында 10 заң жобасын әзірлеу, бірқатар стратегиялық және концептуалдық құжаттарды қабылдау көзделді. Сондықтан алдағы құрылтайдан да халықтың күтері көп.