#qyzylordatv

Бүгінде темір тұлпардың түр-түрі жылқының орнын басқанымен, ат үстінде шыңдалған адамға ерекше тамсанасың. Арғымақ баптаған азаматтың қашанда рухы биік, қазақылығы басым, іскерлігі мығым. Келесі сюжетіміз асауды ауыздықтап, ат жалын тартып мінетін қарапайым ауыл тұрғыны жайлы болмақ. Атбегі Ізбасар Әкімов: «Жылқының үсті тақтан да артық»,- дейді.

 Кең даланы ат тұяғымен дүбірлетіп, көсіле шауып келе жатқан алып тұлғаны көргенде, еріксіз делебең қозып, рухың асқақтай түседі. Бұл бекер емес. Қазақ үшін ең құнды, қасиетті мал – жылқы.

 ІЗБАСАР ӘКІМОВ – АТБЕГІ

 Жылқының қасиеті көп қой. Аттың үстіне мінген кезде мен ойлаймын әр қазақ басқа әлемге енгендей болады. Оны аттың үстінде жүрген әрбір қазақ біледі. Аттың үстінде отсаң өз-өзіңе деген сенім пайда болады. Жылқының үсті тақтан да артық дейді ғой. 6-7 жасымнан жылқыға құмар болдық. Өйткені, әкелеріміз атқа мінгенде қастарына ертіп алатын. Өзім осы атқа күнде мініп жүргеннен кейін сырын жақсы білемін. Қазіргі жылқылар қатты туламайды бұрынғылар секілді емес. Атымды арнайы көкпарға мінемін. Мұнан бөлек, тазарған аттарымыз бар. Оны биыл көктемге таяу шығарамыз ба деген ойдамыз.

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ

 «Ер қанаты – ат». Қазақ ықылым заманнан жылқыны жанына серік етіп, жалынында ойнаған. Тұлпары бар да қалың жаудан тайсалмаған қазақ, бүгінгі күні де атбегілікті ұмыт қалдырмады. Бұрынғыдай бас салып аттандырмаса да бәйге алар мыңнан озар тұлпарды баптау қазіргі кезде үлкен абырой. Салған жерден жүлде алатын арғымақ баптап жүрген жанның бірі мына мен тұрған қала іргесіндегі Абай ауылының тұрғыны – Ізбасар Әкімов.//

 Күлтегіннің боз аты, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы. Осылай тізе беруге болады. Қазақ тарихында батырлармен бірге тұлпарлардың да ізі қалған. Ал біздің кейіпкеріміз үйірдің ішінен көкпардың атын бірден таниды екен.Бала күнінен ат спортына жақын кейіпкеріміз әсіресе, көкпар мен аударыспақ ойынына қосар жылқыны жаратуға ерекше мән береді. Себебі, жануардың бабын келтірмесе, спортта бағы байланады, дейді.

 ІЗБАСАР ӘКІМОВ – АТБЕГІ

Төрт жыл қатарынан сборныйда көкпар шаптым. Ал, қазір көп жастар атқа құмар емес. Балаларымыздың өзін қинап мінгіземіз. Бәрі телефонға телміріп отырады. Балаларымды жәй-жәй отырғызып, аттың тізгінін ұстатып, үйретіп жүрмін. Кейде көкпарға да апарамын. Өйткені, қазірден баулу керек. Қызықтыру керек

 Сондай-ақ, көкпарда жылқының әр қимылы, өзін емін-еркін ұстауы ат әбзелдеріне байланысты. Оны жатқа білу керек, дейді атбегі.

 Ізбасарды жылқыға жақын еткен әкесі Өмірғали Әкімов.

ӨМІРҒАЛИ ӘКІМОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Жылқы адам секілді ғой. Мысалы көкпар кезінде адам астында құлап жатса да тұяғымен баспайды. Өте қасиетті жануар. Бұның сүті де, еті де ем. Үстінде жүрген адамға да әйдік ем. Өзімде әлі күнге дейін атқа мініп сыртқа кетіп қаламын. Денсаулығымда жақсы. Ат баптағаннан кейін ұлттық спортқа қатысу керек, оны дамыту керек. Әсіресе, ауылды жерлерде бұл маңызды. Ұмыт қалдырмау керек. Жылқыда 9 жасар баланың миы бар дейді. Сенің сипағаныңды, ұрысқаныңды бәрін біліп тұрады.

Жылқы - қазақтың тұрмыс-салты өз алдына, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігі деп бекер айтылмаса керек.Ізбасар қолы қалт еткенде қолына қара домбырасын алып, тұлпары Көкдауылдың жанында түрлі шығармаларды орындайды.

 Ізбасар алдағы уақытта ауыл жастарын жанына алып, атбегілікке баулығысы келеді. Атадан жалғасқан ат баптау ілімін, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп отыр.