#qyzylordatv
Демалыс күндері бірқатар өңірде айтарлықтай күн суытады. Қазіргі таңда облыс бойынша 12 жылыту пункті адамдарды қабылдауға сақадай сай. Олар республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың бойында орналасқан. Аталған орталықтар арнайы техникалар және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қарлы боран немесе аязды күні жолда қалған жолаушыларды уақытша паналататын орталықтың жұмысымен тілшіміз Дәулет Сағит танысып қайтты.
Облыста 12 жылыту пункті күн суықта жолаушыларды қабылдауға дайын. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, мұнда көмек көрсету үшін қажет нәрсенің бәрі бар.
Аталған пунктерде төтенше жағдайларды жоюға арналған 234 арнайы техника мен 118 бірлік қуаттылығы әр түрлі автономды электр көздері әзірлікке келтірілген.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Жолда қалған жолаушыларға қызмет көрсететін жылыту пунктің бірі – мына мен тұрған «Самара-Шымкент» тасжолының 1812 шақырымында орналасқан. Мұнда жолаушыларға арналған арнайы кабинеттер жасақталған. Оның ішінде жылы төсек пен қажет десеңіз ыстық тамақта ішуге мүмкіндік бар. Осында келген азаматтар 2-3 сағаттай жылынып, әрі қарай сапарын жалғастыра алады.//
ҚАДЫРЖАН БАЗАРБЕК – ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ //Қаңтар айының екісінен бастап облыста ауа райының күрт сууы және боран, қар жауу сияқты ақпарат келіп түсуде. Осыған байланысты қазіргі таңда қауіпсіздік шаралары нығайтылып, жол жабылған бойда дереу хабарланып отыр.//
Қыс айы басталысымен төтенше жағдайлар департаментінің жанынан жедел штаб құрылды. Мұнда азаматтық қорғау қызметінің мамандары тәулік бойы кезекшілік етуде. Құтқарушылармен қатар жол қызметі де күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
МЫРЗАБАЙ ӘЛИАКБАР – «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ //Жол жабылған уақытта көліктерімен жолда қалған жүргізушілер осы жерге келіп, осы жерге орналасады. Бұл жерде ыстық тамақ пен ыстық шәй беріледі.Дәл осы жерде 33 техника бар. Арнайы механика мамандары да осы жерде. Жол көктайғақ кезінде инертті материалдардың қоры да жасақталған.//
Жалпы қыс түскелі республикалық маңызы бар автожолдар екі рет жабылып, 9 рет автокөліктердің жүруіне шектеу қойылды. Сондай-ақ, дауылды ескертулер жарияланып, 34 адам эвакуацияланды. Оның 31-і шетел азаматы. Айта кетейік, жылыту пунктерінің орналасқан аймағын тез табу мақсатында «Яндекс карта», «2GIS» және «SmartQyzylorda» платформаларына енгізілген.