#qyzylordatv

Сыр өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтай аясында айдынды Арал өңірінің тумасы, белгілгілі қаламгер Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған гала концерт ұйымдастырылды. Сағынышқа толы сазды кеште ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, еліміздің әр өңірінен келген Құрылтай мүшелері рухани азық алды.

 Сахна шымылдығы Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел» әнімен ашылды. Сөз бен саздың қос қанатындай болған ақын мен композитордың қазақ руханиятының дамуына қосқан үлесі зор. Оларды тоғыстыратын, байланыстыратын ең басты құндылық ол - туған жер. Сырдың киелі топырағында туған қос таланттың шығармашылық тандемі талай туындылардың өмірге келуіне себеп болды. Сондай шоқтығы биік шығарманың бірі - «Домбыра туралы баллада». Шанағынан күй төгілтіп, сайын даланы күңірентетін, өне бойыңды шымырлатып, ұлттық рухты оятатын осы бір әнді халықаралық конкурстардың жеңімпазы Құралай Мейрамбек нақышына келтіре орындады.

 Ақын сөзіне жазылған әрбір ән жүрекке жол тапқаны сөзсіз. Себебі, Шөмішбайдың шығармаларынан туған жерге деген сағыныш, шексіз құрмет, Отанға деген сүйіспеншілікті айқын аңғаруға болады. Бұл Сыр сахнасындағы керемет кештің куәсі болып, рухани азық алған Құрылтай мүшелерінің ортақ пайымы.

 СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН - АҚЫН, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ МҮШЕСІ \ Енді ол кісінің биыл 80 жылдығы. Әуелде ғажап лирикаларымен келген әдебиетке. Кейін ән мәтіндерін жазумен белгілі болды қазаққа. Әсіресе Кеңес Дүйсекеев ағамызбен тандемі. Бүкіл қазақтың буын ұрпағының көкірегін тербеткен, сәулелендірген, көзін нұрландырған, жанын жаңартқан солардың арқасында әндер дүниеге келді. Ертең Алматыда да өтеді осындай кеші. Аралда өтеді туған жерінде, сол бұйырса қазір ағамыздың шапағатына бөленейін деп тұрмыз\

 УАИС ЕРСАЙЫНҰЛЫ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ МҮШЕСІ \Шөмішбай Сариев үлкен тұлға елімізде ән өнерінде қала берді музыка саласында. өзіндік қолтаңбасы бар үлкен композитор. Жастайымыздан тыңдап өстік Шөмішбай ағамыздың әндерін. Енді ол кісінің әруағына рухына құрмет ретінде өтіп жатқан осы концерт, ол кісінің есімін халықтың есінде ұрпақтың есінде қалдыруға бір үлкен айрықша ықпал болады деп есептеймін.Шөмішбай ағамыздың одан қала берді осы бүкіл Сыр өңірінің әйгілі тұлғаларының барлығы есімдері жасай берсін. Мәңгі даңққа бөлене берсін\

 Кеште облыстық филармония әншілерімен қатар қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, Сыр мақтаныштары Жеңіс Ысқақова мен Жұбаныш Жексенұлы өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді.

Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған Гала концертте Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ықылас гүлі тарту етілді. Сондай-ақ ақынның жары Жұмагүл Сариеваға құрмет көрсетілді.

ЖҰМАГҮЛ САРИЕВА, Ш.САРИЕВТІҢ ЖАРЫ \өте тебіреніп тұрмын, толқып тұрмын. Сыр өнерпаздарының жасап жатқан кешіне үлкен рақмет. Сыр елі жыр елі дейді....\

 Ұлттық құрылтай аясындағы мерекелік концерт «Айналдым сенен, Атамекен-ай» әнімен қорытындыланды.