#qyzylordatv

«Тілім – тірегім». Бұл саналы ғұмырын туған тілінің түлеуіне арнаған филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлының су жаңа кітабының атауы. Аталмыш жинақта ғалымның ұзақ жылғы ғылыми ізденістері мен естелік еңбектері топтастырылған. Құнды кітаптың тұсаукесер рәсімі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұйымдастырылып, ардагер ұстаз жастармен жүздесті.

 Жеңіс Сәдуақасұлының тіл білімін түлетуге қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Жарты ғасыр бойы осы салада табан аудармай қызмет етті. Соның нәтижесінде 150-ге жуық ғылыми-әдістемелік еңбегі жарық көрген. Зерделі ғалым биыл 80 жасқа толмақ. Бірақ көңіл көмбесі көнерген жоқ. Әлі күнге дейін ғылыми ортадан алыстамай, білгенін ізбасарларына үйретіп жүр. Тіл тағдырын таратқан су жаңа жинақ осының дәлелі. Ғалым өзі ұзақ жылдар еңбек еткен білім ордасында құнды кітаптың тұсауы кесілді.

Білікті ғалым 1997 жылы бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтерін жан-жақты талдып, докторлық диссертациясын жоғары деңгейде қорғады. Мұнан кейінгі жылдары да жас ұрпақты білім нәріне сусындата жүріп, ғылыми ізденісін жалғастыра білген. Жиында мерейтой иесінің әріптестері жаңа жинақтың әр бөлімін ыждағатпен талдап, студенттерге құнды ақпар берді. Жалпы, осылай аға буынның ұлағатын ұлықтау өңірдегі жетекші оқу ошағында жүйелі жолға қойылған.

 Бір сөзбен, Жеңіс Сәдуақасұлы әлі күнге дейін көп іс атқарып жүрген қазыналы қария. Демек, оның тәлімі бүгінгі буынға өте қажет. Сондықтан, мерейтой иесінің еңбегі бір апта бойы дәріптелмек.