#qyzylordatv
Қазақ тарихында талай зұлматты бастан өткеріп, қайсарлығымен қиындықты еңсерген қайраткер әйелдер аз болмаған. Солардың бірі Темірбек Жүргеновтің жары, қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы дәрігер Дәмеш Ермекова. «Халық жауының жұбайы» деп айыпталып, 8 жыл Алжир азабын тартқан қазақтың қайсар қызы туралы келесі бейнематериалда.
Тарихқа зер салсақ, 1937 жылы қазақтың маңдайына біткен талай марғасқа мен жақсылары жазықсыз жапа шекті. Түрмеге тоғытылып, нақақтан нақақ атылып кетті. Сол бір зобалаң жылдары қазақтың зиялы, білімді азаматтарының жұбайлары да қамалып, тағдыр теперішін көрді. Олардың арасында Нарком Жүргеновтің жұбайы Дәмеш Ермекова да бар еді. Дәмеш Әмірханқызы 1905 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Семейдегі медициналық гимназияны үздік бітірген білімді жас «Алаш» қозғалысының қайраткері Әлімхан Ермековтің қолдауымен Ташкендегі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түседі. 1926 жылы Темірбек Жүргеновпен танысып, отау құрады.
ТІЛЕУХАН СЕРІКҰЛЫ, АУДАНДЫҚ ТАРИХИ - ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ \медицина саласында оқи жүріп Жүргеновпен қатар көптеген қоғамдық жұмыстарға араласқан. 1937 жылғы Сталиндік репрессия бұл кісілерді де айналып өтпеді. Әуеелі Темірбек Жүргенов атылып кетеді, кейін «халық жауының әйелі» деген айыппен Дәмеш Ермекова да Карлагта жазықсыз жабылған. Кейін Сталиндік зобалаңнан кейін Алматыға оралып, медициналық бағыттағы жұмыстарын жалғастырған\
Дәмеш Ермекова сегіз жыл бойы Алжирдің азабын тартты. Темірдей тәртіп пен ауыр сынаққа сынбай, сырқат әйелдерге жәрдем көрсетті, талай жанның өмірін сақтап қалды. Ал, 1946 жылы ақталып шығып, Алматыға келіп, дәрігерлік жұмысын жалғастырды. Өмірлік жары Темірбек Жүргеновтің есімін ақтап алу үшін күресті.
ТІЛЕУХАН СЕРІКҰЛЫ, АУДАНДЫҚ ТАРИХИ - ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ \1950 жылдан бастап КСРО жоғарғы прокуратурасына тағыда көптеген мемлекеттік органдарға үздіксіз хат жазудың арқасында 1957 жылы Жүргеновтің есімі толықтай ақталды. 1966 жылы Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген дәрігері деген атақ берілген бұл кісіге. ....\
Темірбек Жүргеновтің туған жері Жалағаш ауданындағы тарихи-өлкетану музейінде арнайы экспозициялық орын бар. Онда Жүргенов пен жары Дәмеш Ермекованың фотосуреттері, жинақтары мен еңбектері қойылған. Ал, кітапханада арнайы бұрыш ұйымдастырылған.
ЗӘУРЕШ ЫСҚАҚОВА, КІТАПХАНАШЫ \Т.Жүргенов ағамыздың жұбайы Д.Жүргеноваға арнайы бұрыш ұйымдастырдық....\
2023 жылы қаладағы көшелердің біріне қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы дәрігер, Жүргеновтің жары Дәмеш Әмірханқызының аты берілген болатын. Ал, өткен жылы қазақтың қайсар қызының 120 жылдық меретойы аталып өтті.