#qyzylordatv

Қызылорда станциясынан тәулігіне шамамен қырықтан астам жолаушылар және жүк пойызы өтеді. Жыл басынан бері темір жол бойында 300-ден аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның басым бөлігі қауіпті аумақты кесіп өту дерегі. Қазір қала көлемінде рұқсат етілмеген жеті темір жол өткелі бар. Аталған аумақтарда Қызылорда станциясы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Көліктегі қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ // Темір жолдың белгіленбеген жерінен өтетіндерге тоқтам болмай тұр. Мәселен, былтыр қауіпсіздік ережелерін ескермей, шойын жолды кесіп өткен 8 адам жүйіткіген пойыздың астына түскен. Оның 5-і оқиға орнында қаза тапса, тағы 3 адам ауыр дене жарақаттарын алыпты. Ал, биыл небәрі 20 күннің ішінде осындай белгіленбеген жерден өткен 200-ге жуық адамға әкімшілік хаттама толтырылды.//

 Қызылорда станциясы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері шойын жол үстіндегі кезекті рейдті Шанхай мөлтек ауданы мен темір жол вокзалы аумағын біріктіретін өткелде ұйымдастырды. Ең бірінші өткелді кесіп өтіп, көзге түскендер мектеп оқушылары болды.

Мамандардың айтуынша, шойын жолды төтесінен кесіп өтетіндер негізінен темір жолға жақын орналасқан үйлердің тұрғындары. Бұл олар үшін жол қысқартудың амалы дейді. Жалпы жыл басынан бері дәл осындай рұқсат етілмеген өткелді кесіп өткен 210 адамға әкімшілік хаттама толтырылған.

 АБАЙ ҚИЛЫБАЕВ – ҚЫЗЫЛОРДА СТАНЦИЯСЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Темір жол станцияларында жазатайым оқиғалардың орын алуына байланысты 19-23 қаңтар аралығында «Көліктегі қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде...//

 Темір жол станцияларының аумағы темір сымдармен қоршалып, қауіпті аймақ екенін ескертетін арнайы тақтайша қойылған. Алайда, көпшілік бұл ережеге бағынбайды, дейді мамандар. Енді рұқсат етілмеген өткелден қайта өткен тұрғындарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Қызылорда станциясы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық жұмыстарын әлі де жалғастырады.