#qyzylordatv
Күнтізбедегі ерекше датаның бірі – қолмен хат жазу күні. Әлем бойынша 23 қаңтарда аталып өтеді. Мерекенің мақсаты –қолжазбаның ерекшелігі мен оның құндылығын еске салу. Тілшіміз Айдана Жұмадинова хат жазудың қыр-сырына үңіліп көрді.
Иә, қазір эмоция білдіретін ұсақ смайликтермен-ақ хабар алысып отыра беретін жағдайға жеттік. Ал электронды хат алмасу пайда болғанға дейін хат жазу мәдениеті қоғамдық өмірде ерекше орын алып, дамыды. Облыстық музейде сақталған хаттар сөзімізге дәлел.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Біз облыстық музей қорынан қазақ әдебиетінің алыптары Асқар Тоқмағамбетов пен Зейнолла Шүкіровтің бір-біріне жазған хаттарын таптық. Дәлірек айтсақ, Асқар Тоқмағамбетов Зейнолла Шүкіровке хаттар жазған. Мысалы, 1952 жылы жазылған мына хатта «Зейнолла, аман боларсың? Біз де аманбыз» деп амандық сұрасудан бастаған. Әрі қарай оның шығармашылығы туралы сөз қозғапты. Ал 1960 жылы жазылған мына хатта Асқар Тоқмағамбетовтың Ғабит Мүсіреповке арнайы барып, шипажай жөнінде сөйлескенін байқадық. Яғни, екі шипажайдың бірін таңдау туралы ұсыныс білдіріпті.Сондай-ақ, Асқар Тоқмағамбетов бұл хатта Жұмабек Тәшеновке арнайы кіріп, Зейнолла Шүкіров үшін мотоколяска сұрағанын да оқып білдік. Сондай-ақ, Зейнолла Шүкіровтың Жазушылар Одағына өтуіне Асқар Тоқмағамбетовтің де тікелей ықпалы болғанын осы хаттан байқап отырмыз.
Музей қорындағы құнды жәдігердің бірі қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың Сыр өңірінің мақтанышы Зейнолла Шүкіровке жазған хаты.
ӘЙГЕРІМ БЕКҚҰЛИЕВА – ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Сол хат жазылған жылы Мұқағали небәрі 33 жаста екен, Зейнолла 37 жаста екен. Яғни, Зейнолла 4 жасқа Мұқғалидан үлкен болған.Дейтұрғанмен хат амандық саулықтан басталмай, Зейнолла деп басталған.Іштартып, өзіне жақын тартқаны байқалады.Хаттың соңында анама, жаны таза жандарға сәлем айт деген. Анама деген. Анаңа емес,бұл жерде Зейнолланың анасын өзінің анасындай көргендігін байқауға болады.Хаттың ішінде сол уақыттағы драматургияның ақсап жатқандығын жазады.Хаттың ішінде өзінің артында еріп келе жатқан жас ақындарға көңілі толмайтындығын, қынжыла Зейноллаға баяндайды.Хаттың ішінде Мұқағали қазіргі таңда ақындардың көбісі махаббат, табиғат туралы көп жырлайды да, адами көзқарас, адамгершілік, халықтың тұрмыс-тіршілігі жабулы қазан күйнде жатыр, сол тақырып көтерілмей жатыр деп те ренішін білдіріп,хатта жазады.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
«Ойыңды жинақтай алмасаң, қағазға жазған дұрыс» дейді мамандар. Әсіресе, мақсаттар мен орындауың керек жұмыстарды. Ал жазуларды зерттейтін ғылым графология деп аталады. Графологтар әлемде екі бірдей жазу болмайтындықтан, әрбір адамның жазуы оның тұлғалық қасиеттерін білдіреді дейді.
СӘНДІГҮЛ ДӘРІБАЕВА – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГ МАМАНЫ
Жазу арқылы адамның психологияда темпераментін де анықтауға болады.Психологияда темпераменттің түрлі ерекшеліктері бар. Егер жазған жандардың жазуы дөңгеленіп, түзу, ұқыпты болса,ол адамның талғампаз,кербез, қозғалысы баяу екендігін білуге болады.Егер жазуда әшекейлер көрінбейтін,сөздері бір жолда секіріп тұратын, үзік-үзік әріптер сыртқа қарап тұратын болса болмысынан бірбеткей, ашық адам екенін байқауға болады. Әріптері тік болса қатал, тез шешім қабылдайтын,ал әріптері томпақ, дөңгеленіп тұса бұл адамдардың мінез құлықтарының жұмсақ жайлы екенін білуге болады.
Қолмен жазу арқылы айта алмаған дүниелеріңді де қағазға түсіруге болады. Бұл интеллект пен сауаттылығыңды көрсететін бір белгі. Ал қордағы хаттар нағыз құнды мұра.