#qyzylordatv
Жалағаш ауданында алты ауыл алкогольден бас тартты. Бұл «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында ақсақалдардың бастамасымен қолға алған игі іс. Аудан әкімі айрандай ұйыған, ізгілікке жиылған, тентек судан тиылған елді мекендерді аралап, халықпен кездесті. Тұрғындардың өтініш, тілегін тыңдап, сауалдарына жауап берді.
«Алкогольсіз ауыл» жобасы ең әуелі Таң, Еңбек елді мекендерінде басталған болатын. Нәтижесі жаман емес, құқық қорғау органдарының сөзінше ол ауылдарда ұрлық-қарлық, қылмыс азайған. Енді міне, Аламесек, Жаңаталап, Мақпалкөл және Мырзабай ахун ауылдық округтері де ащы судан бас тартып отыр.
ТАЛҒАТ МАҚСҰТОВ, ЖАҢАТАЛАП АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ \Арақ ішіп жатқан ешкім жоқ ауылда. Қылмыстың бастауы араққой негізі. Жанұяның бұзуылына да арақ себеп. Ешқандай қылмыс жоқ ауылда, бәрі жақсы. Ауызбіршілігі мол. Ардагерлердің бастамасымен жасалып жатқан игі істі құптаймыз\
«Алкогольсіз ауыл» жобасын жаңаталаптық жастар да қолдайды. Қазір екі қолды қалтаға салып, босқа жүретін кез емес. Мемлекет тарапынан білім алып, спортпен шұғылдануға, түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасалған. Сондықтан ауыл балалары уақытын текке өткізбейді.
ӘЛІШЕР ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ЖАҢАТАЛАП АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ \Жастар «Ішімдіксіз ауыл» жобасын қолдайды. Ішімдік болған жерде береке болмайды. Замандастарымда бізден кейінгілерде спортпен айналысады. Өзімізден үлкендерге қарап бой түзеп, кейінгілер бізге қарап үлгі алады\
Мақпалкөл мен Мырзабай ахун ауылының тұрғындары да ішімдікке әуес емес. Содан болар өткен жылы бұл елді мекендерде бірде бір қылмыс тіркелмеген.
ӘЛІБИ БЕКЖАНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ \Біздің ауыл бұрыннан мұндайға көп әуестігі жоқ. Арақ атаңнан қалған ас емес дейдіғой. Бір шөлмектің 40 күн кесірі болады. Қаншама отбасын бұзып жатады, шаруашылыққа, жұмысқа кесірін тигізіп жатады. Қазір ішімдік ішетін емес, жұмыс істейтін, кәсіп жасайтын уақыт. Елдің бірлігі, тірлігі, болашағы жақсы. Егінмен айналастын ауыл\
ҚАРЖАУБЕК МҰСТАФИН, Т.ЖҮРГЕНОВ АУЫЛДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ \ішімдік ішкен кезде ақылдарын ішіп қояды кейбіреулер. Сондықтан осыдан бас тартып жатыр ауылымыз. Салауатты ел болуға бәрі де бір ауыздан келісіп жатыр. Баяғыдай емес, қазіргі жастар ондайдан аулақ\
Темірбек Жүргенов ауылында бұған дейін алкоголь өнімдерін сатуға рұқсаты бар жалғыз дүкен болатын. Кәсіп иесі үлкендердің бастамасын қолдап, лицензиясын қайтадан өткізіпті. Кәсіпкер мұнымен табысым азайып қалған жоқ, керісінше аналардың алғысын, ақсақалдардың батасын алдым,- дейді.
ҒАБИДУЛЛА СЕГІЗБАЕВ, КӘСІПКЕР \ауылда 6-7 дүкен бар. Соның бірі менікі. Лицензиямызды өз еркімізбен өткізіп салауаттылыққа байланысты, жастар ішімдіктен бас тартса деп. Араққа қарсымыз. Сондай салауатты ауыл болса екен дейміз. Қазіргі жастар арақ ішпейдіғой....\
Аудан әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бастамаларға тоқталды. Тентек суға тоқтам қойып, үндеу білдірген үлкендерге ризашылығын жеткізді.
ТАЛҒАТ БЕКТҰРСЫНОВ, АУДАН ПРОКУРОРЫ \Халық арасында сауалнама өткізілген. Барлық ауылда халықтың 99 пайызы алкогльсіз ауыл болуды қолдады. «Алкогольсіз ауыл» деп жариялап қана қоймайцмыз, шараның іс жүзінде жүзеге асуына бақылау жүргізіледі. Жасырын, заңсыз арақ өнімін сатқан тұлғалар анықталған жағдайда міндетті түрде тиісті жауапкершілікке тартылады. Әрине, қылмыстың көбісі масаң күйде жасалады. Оның барлығын талдау көрсетті бізде. Әсіресе, отбасылық зорлық зомбылық қылмыстарының алдын алу мақсатында осы іс шараны жүргізіп жатырмыз \
Кездесуде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Аудан әкімі көпшіліктің көкейінде жүрген жол жөндеу, жарықтандыру, газдандыру секілді мәселелер кезең кезеңімен шешілетіндігін айтты.