Биыл облыс орталығында 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Парламент Мәжілісінің депуттары сол жағалауда салынып жатқан емдеу мекемесінің құрылыс жұмысымен танысты.
Көпбейінді аурухананың құрылысы екі жыл бұрын басталған. Бүгінде жұмыстың жетпіс пайызы аяқталды. Жақын күндері ғимараттың терезесі салынып, қасбеті қапталады. Жылу құбырлары жүргізіліп, электр желісі тартылады. Қазір құрылыс басында екі жүзге жуық адам күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, медициналық нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
10 блоктан тұратын аурухана соңғы үлгідегі ең озық медициналық құрылғылармен жабдықталады. Диагностика және емдеу бойынша заманауи стандарттарға сай келетін жоғары технологиялық инновациялар енгізіледі. Мақсат – халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру.
Денсаулық сақтау министрі мен Мәжіліс депутаттары мұнан соң «Қамқорлық» ерте араласу орталығы мен жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысымен танысты. «Қамқорлық» орталығында балаларға медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, медициналық оңалту, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, логопедиялық және дефектологиялық қолдау, сондай-ақ еңбек терапиясы жүргізіледі.
Ал, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 2024 жылы күрделі жөндеуден өтіп, толықтай жаңартылды. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар, клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшесі ашылып, заманауи құралдармен жабдықталды. Алдағы уақытта физиотерапиялық емдеу бөлімшесін іске қосу және медицина қызметкерлерінің шетелде біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.