Бүгінде еліміздің телеарналарында мыңдаған адам жұмыс істейді. Сондықтан бұл салада отбасылық династиялардың болуы кездейсоқтық емес. Қарапайым тілмен айтқанда, жаңалық,шоу, хабарларды ерлі-зайыптылар, анасы мен баласы, тіпті енесі мен келіні дайындап, сапалы контент ұсынып жатады. Және көзі қарақты көрерменнің оларға деген ықыласы ерекше болады. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген отбасылардың бірі – Әлібековтер жанұясы. Арнамыздың ардагер режиссері Нағима Жұмабаеваның ұл-қыздары мен келіні телевизия саласының білгірлері. Режиссер, оператор, тілшісі мен арт-дизайнері бар отбасы туралы келесі бейнематериалымызда.

Бұл осыдан 35 жыл бұрын таспаланған, телеарнаның алтын қорында сақталған, тарихта қатталған кадрлар. Нағима Жұмабаева Қызылорда телеарнасы ашылған кезде облыстық радиода жұмыс істейтін. Бір жылдан кейін телеарнаға дыбыс режиссері болып ауысқан маман «Әнші балапан», «Таңшолпан» сияқты музыкалық бағдарламаларды жазды. Ал, 2005 жылы «Жаңалықтар» бөлімінің режиссері болып, телеарна тілшілерімен, телеоператор және бейнемонтажерлармен етене жұмыс істеді. Әрбір сюжеттің сапалы шығуына Нағима Махамбетқызының іскерлігі мен талапшылдығы да ықпал еткені сөзсіз. Қызығы сол, мықты бейнекадрларды әсіресе өзінің ұлы Дархан Әлібектен талап ететін.

НАҒИМА ЖҰМАБАЕВА, «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ РЕЖИССЕРІ "Күніне 2-3 рет шығамыз. Жаңалық келсе уақыт оздырмай эфирге шығару керек. Ол кезде менің есімде Несібелі Рақмет жазудың үтір, нүктесіне дейін қарап отыратын едіғой. Мен не нәрсені болса да жып жинақы, жұп-жұмыр болып жұмыс істегім келеді. Кейде кадрлер аз болып қалады, сол кезде архивке барып әкеліп, дайындап қоям. Тілшілерге текстіңді қысқарту керек деп айтам бұл жаңалыққой деп. Кадрлардың әдемілігіне, сапалығына қарайтынмын. Солай жұмыс істедім."

Телеарна тарихында өзіндік орны бар әріптесіміз Нағима Жұмабаева қазіргі күні Астана қаласында тұрады. Туған жерден қоныс аударғанына 15 жылдан асса да аймақ жаңалықтарын қалт жібермей қарайды екен. Себебі, төрінде төларна қосулы тұрады.

НАҒИМА ЖҰМАБАЕВА, «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ РЕЖИССЕРІ "Қызылорда телеарнасын кешке қосып қоям, тіпті 12 сағат қосып қоям десемде болады. Бір жағынан ол менің серігім, маған өте ыстық. Құтқана мешімітіз сияқты сезіндім, өйткені жалғыз менің емес, енің екі ұлымда ізімнен осы салаға келді.Телердидар менің екінші өмібірім деп айта аламын."

Иә, Нағима Жұмабаеваның «телеарна менің екінші үйім, екінші өмірім» деп айтуына толық негіз бар. Себебі, ұлдары Дархан мен Нұрхан, қызы Ақмарал, келіні Сәуле Алдамұратқызы да журналистика саласында қызмет істейді. Дархан Әлібек 1994 жылы студиялық оператор болып жұмысқа кірген. Облыстық телеарнада жеті жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Арысы Арал, берісі Жаңақорған аудандарын аралап, талай тарихты таспалады. Тәжірибелі телеоператордың түсірген керемет кадрлары әлі күнге дейін телеарна қорында сақтаулы.

ДАРХАН ӘЛІБЕК, «ХАБАР» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БІРІНШІ САНАТТАҒЫ ҚОЮШЫ ОПЕРАТОРЫ \Аралға баратын жалғыз жол, жұмыста сары уаз болатын сонымен барамыз. 8-9 сағат жүріп барамыз. Ол кезде кондиционер қайда, терезені ашып қоясың. Шаң кіреді, әппақ болып барасың..."

Дархан Әлібектің облыстық телеарнадан Қазақстан ұлттық арнасына ауысуы да оның кәсібилігінің дәлелі. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы еліміздің басты арнасында еңбек етіп, Президенттің пулында жүрді. Шетелге шығып, талай саяси маңызды шаралардың куәсі болды. Көзі қырағы, қолы епті, тәжірибесі мол маман бүгінде «Хабар» телеарнасының бірінші санаттағы қоюшы операторы болып қызмет атқарады.

     Айрықша атап өту керек, Дархан төл арнада жүріп өмірлік жары Сәулені жолықтырды. Түсірілімге бірге шыққан тілші мен телеоператор тіл табысып, отау құрды. Сәуле Алдамұратқызы еңбек жолын 2005 жылы «Жаңалықтар» бөлімінен бастаған. Таңғы танымдық «Жаңа күн» бағдарламасында «Пайдалы кеңес» айдарын жүргізді, «Марламқаш» бағдарламасының редакторы болды. Ал, 2008 жылы отбасымен бірге Астанаға қоныс аударып, жұмысын бас қалада жалғастырды. Қазіргі күні ол «Абай» телеарнасында продюсер-редактор.

СӘУЛЕ АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ – «АБАЙ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ПРОДЮСЕР-РЕДАКТОРЫ "Бұл жер маған үлкен ұстахана болды. Себебі ол жердегі аға-әпкелеріміз бізді әбден тәрбиеледі,Жаңалықтарда шыңдалдым, Бағдарламалар бөлімінде әбден төселдік. Қазір қандай да бір жетістікке жетсем сол кісілердің арқасы деп ойлаймын. Қызылорда телеарнасы мен үшін құтты мекен болды. Ол жерге көпшілігі жұмыс істеуге келсе мен өзімнің тағдырыма келген екенмін. Себебі мен ол жерден өмірлік серігімді таптым. Жолдасым оператор, анамыз режиссер."

Телеарна ардагері Нағима Жұмабаеваның екінші ұлы Нұрхан Шарханұлы да Қазақстан ұлттық арнасында жұмыс істейді. 15 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Ал, қызы Ақмарал Әлібекова «Астана Балет» театрында директордың менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары. Яғни, журналистика саласынан алыс емес. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Міне, еңбек жолын аймақтық арнадан бастаған шығармашылық әулет бүгінде Астанадан ақпарат таратып жүр.