Ірі өндіріс орындарының экономикалық тұрғыда тиімділігі жоғары болғанымен, экологиялық жағынан қоршаған ортаға тигізер зияны да бар. Сондықтан аймақтағы бірінші санаттағы үш кәсіпорында автоматты мониторингтік жүйе іске қосылған. Газ қалдықтарының мөлшерін анықтайтын цифрлық бақылаудың тиімділігі қандай? Тақырыпты әріптесім Елдос Асан тарқатады.

ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ

«Уран өндірісіне қажетті шикізатты шығаратын кәсіпорында жылына шамамен 500 мың тоннаға дейін өнім өндіріледі. Тиісінше, одан қоршаған ортаға зиянды қалдықтар бөлініп жатыр. 2024 жылдан бері атмосфераға бөлінетін ластағыш заттардың мөлшері автоматандырылған жүйе арқылы бақылануда. Ол үшін мына түтін мұржасының басына арнайы датчик орнатылған.»

Бұрын экологиялық инспекторлар кәсіпорынға тоқсанына бір рет қана келіп, тексеріс жүргізетін. Ал қазір зиянды заттар мөлшері автоматты мониторингтік жүйенің көмегімен тәулік бойы бақыланады. Зауыттың үлкен құбырларына орнатылған «ақылды жүйе» экологтардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Ауаны ластайтын компоненттер туралы мәлімет базаға әр 20 минут сайын түсіп отырады. Бұл кез-келген ауытқуды дер кезінде анықтап, шұғыл шара қолдануға мүмкіндік береді.

Цифрлық жүйе 2024 жылы өңірдегі бірінші санаттағы үш ірі өндіріс орынына орнатылды. Атап айтқанда «СКЗ-U», «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» және «Orda Glass LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ауаға бөлінентін зиянды түтін цифрлық жүйе арқылы бақылануда. Күкірт қышқылын өндіретін кәсіпорынның мамандары атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтар мөлшерден асып кетпеуі үшін тұрақты түрде зауытқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз, дейді.

 «СКЗ-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері өндіріс ошағының айналасын жасыл желекке айналдырып қойған. Қазіргі таңда мекеменің аумағында сәндік ағаштар жайқалып тұр. Биылдың өзінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кеніш аумағына мыңға жуық тал егіліпті. Өндіріс ошағының басшылығы қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатқа жанашырлық таныту борышымыз дейді.