Дәл қазір оңтүстік аймақта егінге дайындық қарқын алған. Диқандар тұқым мен тыңайтқышты дайындап, техниканың көмегімен жерді тегістеу жұмыстарына кірісіп кетті. Күннің ыстық-суығын, жұмыстың ауыр-жеңілін елең қылмайтын дала еңбеккерлерінің бірі – сушы Хангелді Шайзадаев.
Агросалада өнімнің мол болуы құнарлы жер, сапалы тұқым және мол суға байланысты. Ал сол суды егістікке тікелей жеткізіп, әр алқапқа тең бөлетін маман – сушы. Хангелді Шайзадаев – шаруа қожалығында оншақты жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызметінің атауы сушы болғанымен, шаруаның жайын, жайдың жапсарын жақсы біледі. Сондықтан оның еңбегін ел де бағалайды.
ХАНГЕЛДІ ШАЙЗАДАЕВ – СУШЫ
«Менің негізгі қызметім суға қарау ғой. Суды қадағалау деңгейін, уақыты, тыңайтқышын беретін уақытын айтып отыру. Негізгі жұмыстарым сол ғой. Қара су деген болады бастырылатыны. Соның деңгейін 20 см ұстайсың ғой. Қашан өніп, судың бетіне шығам дегенше.»
Қазір шаруалар үшін әр күн қымбат. Себебі дәл осы кезеңдегі дайындық күзгі өнімнің сапасына әсер етеді. Бүгінде диқандар жаңа технология мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Суды үнемдеу мақсатында лазерлік тегістегіш қолданса, дронның көмегімен тыңайтқыш себуде.
ХАНГЕЛДІ ШАЙЗАДАЕВ – СУШЫ
«Мол өнім алу үшін қарау тәсілі болу керек. Тыңайтқышты дұрыс беру керек. Ең бірінші мәселе суға байланысты. Су болып жатса, өнім болады, ойдағыдай шығарасың өнімді. Құрғақшылық болады деп жатыр. Су да тапшы болады деп күріш егетін жерлерімізді қысқартып жатыр, шындығына келсек. Себебі жоғарыдан мамандар есептеп отыр да. Не болғанда да мол өнім алу суға байланысты.»
Сұхбат барысында жұмыстағы ең жауапкершілігі мол, күрделі кезең туралы да сұрадық.
ХАНГЕЛДІ ШАЙЗАДАЕВ – СУШЫ
«Ең қиын кезең қара су алған кезең. Күріш егеді ғой. Күріш бастырған суды қара су дейді. Ең қиын кезі сол. 40 күнге дейін. Қырқынан шығарамыз деп есептейміз. Сол кезде белгілі болады. Шығатыны шығып, шықпайтыны. 40 күнде белгілі болады.Қуантатын тұсы өнім жиналып жатқан кез ғой. Мол өнім алып жатсаң, қанекей!»
Кейіпкерімізді көпшілік кейде «оқымаған агроном» деп те атайды екен. Өйткені ол даладағы егінмен қатар, бау-бақшаның да бабын біледі. Бұл көргенімен түйгені көп еңбек адамына берілген баға.