#qyzylordatv 

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Еркін форматта өрбіген жиында жаңа Ата Заңның мемлекетті нығайтудағы рөлі сөз болды. Сондай-ақ, аймақ басшысы жастардың ұсыныс-пікірін тыңдап, сауалдарына жауап берді.


 Жаңа Конституцияда жастарға арналған жеке бап жоқ. Дегенмен, маңызды құжатта жаңа толқынның рөлі айқындалып, ғылым мен білімге, инновация мен адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл мемлекетіміздің әлемдік сахнада алдыңғы қатарға шығуына және дамыған елдер арасында өз орнын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жастардың еңбек етіп, кәсіпкерлікпен айналысуына да барлық жағдай жасалады. Мұнан бөлек, сайлауға, қоғамдық ұйымдарға, партияларға және мемлекеттік істерді басқаруға және оған араласуға құқылы. Жаңа Ата заң барлық азаматтардың, соның ішінде жастардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді. 


МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ 

Мемлекет басшысы айтты бұл Конституция жастардың Конституциясы. Мемлекетіміздің болашағының Конституциясы деп айқын айтып берді. Сондықтан осы Конституцияны сіздер пайдаланасыздар, сіздер соны жүзеге асырасыздар. Мемлекетіміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда.. Соныдқтан мен ойлаймын бұрын жер байлығы дейтінбіз, мұнай, уран тағысын тағы деп айтатын едік. Ал бұл жердегі Конституцияның преамбуласында да біздің байлығымыз ол адам, оның денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі бірінші кезекте тұр. Енді өздеріңізбен кездесу мен үшін мәртебе шынында да. Жалпы мен жастармен кездескенде риза боламын. Сіздерге қарап Мемлекетіміздің келешегінің мол екенін кәміл сенемін. Ізденіп жүрген. Өздеріне жоғары талап қойған азаматтарсыздар. Сіздерге тілейтінім тек ізденісте жүріңіздер.


 Өңірде жастардың білім алуына, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына, шығармашылық және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Соның бір дәлелі – 2024 жылы сол кездегі аймақ басшысының тікелей бастамасымен іске қосылған «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы. Бүгінде түрлі салада еңбек ететін жас мамандар игі бағдарламаның шарапатын сезініп келеді. Олардың қатарында «Қызылорда» телеарнасының редакторы, әріптесіміз Арайлым Шакизадаева да бар.

 

 АРАЙЛЫМ ШАКИЗАДАЕВА, «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ 

Мен осы бағдарлама арқылы өткен күзде баспаналы болдым. Бұл отбасым үшін үлкен қуаныш болды. Әсіресе, қазіргі жастар үшін нарық заманы деп айтып жатамыз ғой баспананы аз пайызбен алу және ерте әрі тиімді бағдарламамен алу бұл 10-15 жылды үнемдеу болып саналады. «Сыр жастары» жобасы бұл аймақтағы ең үздік жобалардың бірі деп айта аламын. Себебі,, бұл Сыр жастары үшін үлкен қолдау.


 Кездесуде жастар ұйымдарының өкілдері, жас көшбасшылар, оқу орындарындағы жастар комитетінің жетекшілері, түрлі салада кәсіби жетістікке жеткен мамандар мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жастар облыс әкімі Мұрат Ергешбаевпен еркін пікір алмасып, өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, «Анаға тағзым» орталығының әдіскері Ақбота Шамшиева Сыр өңірінің қолөнер мәдениетін шет елдерге кеңінен насихаттауға қолдау білдіруін сұраса, «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының директоры Жанарыс Түбекбаев цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге бет бұрған жастар үшін заманауи орталық ашылса деген ұсынысын жеткізді.


Жиында аймақ басшысы көтерілген мәселелер мен ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асырылатындығын жеткізді.